Вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардан қорған!

Вакцинамен басқарылатын  инфекциялық аурулардан қорған!

Соңғы кезде халық арасында кейбір вакцинамен басқарылатын инфекциялар бас көтеріп, эпидемиологиялық ахуалға әсер етуде.

Қоғамда егілмегендер мен вакцинадан бас тартқандар көбейсе, ұжымдық иммунитет төмендейді, сондай-ақ қоршаған ортада инфекцияның қоздырғышы көбейгеннен күшейіп, ауру адамдар арасында өрши бастайды.

Демек, ҚР әр азаматы қырағылық танытып, жауапкершілікпен халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялардың таралуының алдын вакинациялаумен алған жөн!

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» №360-VI ҚРЗ  Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 95-бабының 1-тармағының 25) тармақшасы негізінде профилактикалық екпелерді жүргізу ұйымдастырылады.

Кодекстің 9-бабы, 19-тармақшасының талабында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган инфекциялық және паразиттік ауруларға, инфекциялық ауруларды қоздырғыштардың микробқа қарсы препараттарға төзімділігіне, халыққа профилактикалық екпелер жүргізуге эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыратындығы көрсетілген.

Кодекстің 85-бабы, 6-тармағына сәйкес оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне сай медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жоспарлы профилактикалық екпелер алуға жатады.

ҚР Үкіметінің 24.09.2020 жылғы "Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы" №612-қаулысымен жалпы 20 инфекцияға қарсы Ұлттық егу күнтізбесі халыққа әзірленіп, 11 инфекцияға қарсы жоспарлы түрде міндетті профилактикалық егу және 9 инфекцияға қарсы Кодекстің 38-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер жүргізу кезінде және инфекциядан кейінгі қолайсыз көрініс туындаған жағдайларда ҚР-ның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысының талаптарына сай жүргізіледі.

Инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелер Республикалық бюджет қаражаты және жергілікті бюджет қаражаты есебінен алынады және арнайы оқып-дайындалып, рұқсат алған медициналық қызметкерлер әр егілушіге тегін, дені сау кезінде тіркелген бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мекемедегі егу бөлмесінде жүргізеді.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен  инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы түрде міндетті профилактикалық екпелер:

  • Туберкулез: 1-4 күн және 6 жас (1 сынып) (ескерту: ДДС-ның 2023 жылғы ұсынысына сәйкес туберкулезге қарсы 6 жаста ревакцинация жүргізу ұсынылмайды);
  • "В" вирусты гепатиті: 1-4 күн, 2 ай, 4 ай;
  • Полиомиелит: 2 ай, 3 ай, 4 ай, 12-15 ай, 18 ай;
  • Көкжөтел, дифтерия, сіреспе: 2 ай, 3 ай, 4 ай, 18 ай, 6 жас (1 сынып);
  • b типті гемофильдік инфекция (Hib): 2 ай, 3 ай, 4 ай, 18 ай;
  • Пневмококк инфекциясы: 2 ай, 4 ай, 12-15 ай;
  • Дифтерия, сіреспе: 16 жас және әр 10 жыл, жарақат алған, тері қабаттары мен шырышты қабықтары тұтастығы бұзылып зақымданған адамдар;
  • Қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит: 12-15 ай, 6 жас (1 сынып), эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша.

Эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:

  • Құтырма: кез келген жануардың тістеуіне, сілекейленуіне ұшыраған адамдар;
  • Іш сүзегі: кәріз және тазалау құрылыстарының жұмыскерлері;
  • Көктемгі-жазғы кене энцефалиті: инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін адамдар;
  • Оба: инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін адамдар;
  • Коронавирус инфекциясы: эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен инфекциялық ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер:

  • "А" вирусты гепатиті: 2 жас, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша;
  • Тұмау: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша;
  • Күйдіргі: инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын жұмыс істейтін адамдар;
  • Туляремия: инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын жұмыс істейтін адамдар.

Профилактикалық екпені жүргізу алдында жалпы практика дәрігері/терапевт немесе педиатр, дәрігер болмаған кезде  фельдшер анамнез жинауды, егілетін адамға термометрия жүргізіп медициналық қарап-тексеруді жүргізеді. Иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған кезде медициналық ақпараттық жүйедегі егілетін адамның медициналық құжатында егу жүргізуге рұқсатты ресімдейді, егілетін адамға немесе оның ата-анасына немесе кәмелетке толмаған адамның және сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтың өзге де заңды өкіліне профилактикалық екпе, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, егуден бас тартудың салдарлары туралы ақпарат береді.

 Кодекстің 77-бабы 18)-бөлігінде емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға Қазақстан Республикасы азаматтары құқылы делінген.

Дегенмен Кодекстің 85-бабы (Профилактикалық екпелерді жүргізу) 4-тармағының талабына сәйкес ҚР-ның аумағында тұрақты болатын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді алуға міндетті.

Вакцинациядан кейін жағымсыз көріністер дамыған жағдайда медициналық шараларды дер кезінде қабылдау үшін вакцинацияланғандар 30 минут бойы, сондай-ақ вакцина түріне қарай 5, 6, 10 және 11-ші күндері дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Ағзада иммунитет толық қалыптасу үшін егілгендер ұйқысын қандыруы, құнарлы тамақтануы, таза ауада серуендеуі және көпшілік (сауда-ойын-сауық орындары, той-томалақтар және тағы басқа іс шаралар) жиналатын жерлерге бармауы керек, сонда 2-3 аптада иммунитет дұрыс қалыптасады. Аурудан кейінгі асқынуымен қалыптасқан иммунитеттен, егумен иммунитетті қалыптастыру жеңіл болады.

Ұжымдық иммунитет - вакциналармен алдын алатын 20 инфекцияларға қарсы халықты жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтудың шекті деңгейіне жеткізу есебінен егілмеген адамдарды жанама қорғау болып табылады.

ҚР ДСМ 21.09.2023 жылғы "Халыққа профилактикалық екпелерді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы № 150 бұйрығының 1-тарау, 7-тармағында №612 қаулымен бекітілген мерзімде балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық екпелермен қамтудың оңтайлы деңгейі жылына кемінде 95%-ды құрайды делінген.

Кодекстің 85-бабы 11-тармағының және ҚР ДСМ 20.12.2020 жылғы «Жоспарлы профилактикалық екпелерді және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейін алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-289/2020 бұйрығының 7-тармағына сай жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен медицина қызметкерлері ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейі кемінде 90% және жоспарлы профилактикалық екпелер алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспайтын болған кезде ғана мектепке дейінгі ұйымға жібереді.

Сонымен қатар, Кодекстің 80-бабы 4)-тармағымен медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын ҚР азаматтары орындауға міндетті.

Бүгінгі сау ұрпақ – ертеңгі жарқын болашақ!

 

 Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолмен егіліп, сақтанайық – жақынымызды сақтайық!