Шымкентте атмосфералық ауаның сапасы бақылауда!

Шымкентте атмосфералық ауаның сапасы бақылауда!

         Қазіргі таңда өнеркәсіп жоғары деңгейде дамуына байланысты атмосфералық ауаның қандай да бір дәрежеде ластанатыны белгілі. Әсіресе, қалалық аймақтарда зауыттар, өнеркәсіп орындары көп болғандықтан, мұның барлығы қоршаған ортаға өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық.

         Атмосфералық ауа қоршаған ортаның өмірлік маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Қоршаған ортаның ластану қаупі факторлары адамның денсаулығы мен өмір сүру ортасына кері әсер етеді.

        Атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздері қаланың өнеркәсіп және көлік кәсіпорындары болып табылады. Көптеген кәсіпкерлер қаражатты үнемдеу мақсатында тазарту құрылыстарын (сүзгілер, ұстағыштар) орнатпайды және атмосфералық ауаға шығарындыларды тазалаусыз тастайды, осылайша атмосфералық ауаның жай-күйін бұзады, бұл, әрине, қала тұрғындарының денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.

        Атмосфералық ауаның ластануы халықтың аурушаңдығының жетекші факторы болып қала береді және жоғарғы тыныс жолдарының аурулары, астма, қабақтың және конъюнктиваның қабынуы, жиі бас ауруы, бас айналу, әртүрлі аллергиялық көріністердің себепшісі болуы мүмкін.

        Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті атмосфералық ауаның сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Қала бойынша 66 бақылау нүктелері анықталған.

        2022 жылы санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг барысында қала аумағынан атмосфералық ауаның 19402 сынамасы алынды, оның ішінде 9 сынама шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) (шаң құрамы бойынша 1712/6,  күкірт диоксиді 1391/2, сілтілік 8/1) жоғары болды.

        2023 жылдың 5 айында қала аумағынан атмосфералық ауаның 619 сынамасы, 6987 талдамасы алынды. Сынамалардан шекті рұқсат етілген концентрациядан асатын нәтижелер анықталған жоқ.

        Атмосфералық ауаның ластануының алдын алу үшін өнеркәсіп орындарын және көлік магистралдарын тұрғын алабынан алшақ орналастыру, жанармайдың барлық түрлерін таза энергия көздеріне ауыстыру, өнеркәсіп орындарының құрылғыларына сүзгілер орнату қажет.

        Сондай-ақ, жасыл өсімдіктер қалалық ауаны шаңнан тазартуда маңызды рөл атқарады. Жасыл аймақтардың болуы зиянды заттардың концентрациясын үш есе азайтуға мүмкіндік береді. Санитарлық-қорғау және кварталішілік аймақтарды көгалдандыру үшін газға төзімді ағаш-бұта түрлері қолданылады.

         Қаламыздың ауасының ластануына жол бермеу үшін өнеркәсіп орындарын санитариялық талаптарға сәйкес жұмыс жүргізуге шақырамыз.