Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!
Сіздерді алда келе жатқан 22 Наурыз – Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаймыз. Мерекеге байланысты бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда, кейбірі басталып та кетті. Осыған орай, сіздерге мереке қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу үшін бірқатар кеңестерді ұсынамыз.
Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану объектілерінде ғана емес, мереке күндері үй тағамдарынан да улану қаупі бар.
«Наурыз» мерекесіне орай, алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ сақтау мерзімінің бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауы болып табылады.
Мереке күндері дастарханға үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдер қойылады. Егер көкөністер, саңырауқұлақтар консервілеу кезінде дұрыс жабылмай, консервілеу ережесі бұзылып дайындалған болса, ол өліммен аяқталатын қауіпті тамақтан улануды тудыруы мүмкін. Солардың бірі – ботулизм. Барлық ботулизм ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады. Улануды болдырмау үшін, қолданар алдында 10-15 минут қайнатып жіберу қажет. Қақпағы көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет, тіпті дәмін де татуға болмайды.
Сонымен қатар, мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын белгіленген орны жоқ, рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, мұндай сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн.
Сондай-ақ, Наурыз мерекесі кафе, мейрамхана және тойханаларда да тойланады, сонымен қатар Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен, 21-22 наурыз аралығында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының еліміздің гастрономиялық туризм орталығы ретінде имиджін қалыптастыру мақсатында Әл-Фараби алаңында «ДӘМДӘСTOUR-2» атты гастрономиялық жәрмеңкесі өткелі жатыр. Осыған орай, кәсіпкерлерді, мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында, санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз!
Әсіресе, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуына және де тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс.
Тамақ өнімдерін таза пісіру, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді таза жуу және өндірістік бақылау бағдарламасы міндетті түрде болуы қажет.
Қарапайым ережелерді орындау тамақтан уланудың алдын алады:
- жаңадан дайындалған тамаққа кешеден қалған тамақты араластырмау. Егер тамақ келесі күнге қалса, оны алдын ала қайнатып немесе қуырып жеу қажет;
- егер өзіңіздің ауырғаныңызды сезінсеңіз (іш ауруы, өтуі, жүректің айнуы), отбасыңызға және қонақтарға тамақ дайындамаңыз;
- көкөніс пен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуыңыз, мүмкіндігінше қайнаған сумен шаю қажет;
- тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз;
- дайындалған тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдырмаңыз;
- ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет;
- тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ уақыт бойы тамақ пен азық-түлікті сақтамаңыз;
- үйде консервіленген өнімдерді базарлардан, белгісіз сауда орындарынан, көшеден сатып алмаңыз.
МАҢЫЗДЫ!
Мереке күндері балалар мен жасөспірімдер бірінші кезекте жұмсақ балмұздақты тұтынатынын және сапасыз болған жағдайда өнімнен улану жағдайына алып келуі мүмкін екендігін ескере отырып,
ЖҰМСАҚ БАЛМҰЗДАҚ ДАЙЫНДАП, САТУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КӘСІПКЕРЛЕР НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ:
Шымкент қаласында 2018 жылы жұмсақ балмұздақтан жаппай улану жағдайы орын алып, көптеген адамдардың денсаулығына зиянын тигізді. Сол себепті, нысандарыңыздың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуын және бұзушылықтарға жол берілмеуін жіті қадағалау қажеттігін ескертеміз! Бұл – өте жауапты жағдай. Сонымен қатар, жуу, тазалау және залалсыздандыру құралдарының болуына, пайдаланылуына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз.
Құрметті тұрғындар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласымен жұмсақ балмұздақ сататын нысандарға тексеру тек арыз-шағым негізінде, оның үстіне дәлелді нақты фактілер болғанда ғана жүргізілетіндігін еске саламыз. Сондықтан, тұрғындардан жұмсақ балмұздақты тұтынар алдында аса сақ болуды сұраймыз, өйткені мұндай өнімдер тез бұзылады. Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтау мереке күндерінде тамақтан уланудың алдын алады.
Тағамнан улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну қажет екенін есте сақтау керек!