Жіті респираторлық вирустық инфекциялар және тұмау ауруының алдын алу шаралары

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар және тұмау ауруының алдын алу шаралары

    Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін полиэтиологиялық аурулар тобы.

     Шымкент қаласының тұрғындары арасында 2022 жылдың 9 айында 25111 ЖРВИ тіркеліп, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда(12677 жағдай) аурушаңдық 1,95 есеге жоғарылаған. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 77,7%.

   Өткен эпид.кезеңде (2021 жылғы қазан айы мен 2022 жылғы сәуір айы аралығында) тұмаудың нақтыланған 16 жағдайы тіркелді.

   ЖРВИ/тұмау клиникасының көріністері ұқсас. Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталатын, жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылайтын, бастың қатты ауыруы (ауыруды басатын препараттарды қабылдағаннан күнде де), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялықбөртпелер пайда болатын жұқпалы ауру.  

    ЖРВИ/тұмаудың асқынуы салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады.

    ЖРВИ/тұмаудың эпидемиялық маусымы қазан айынан басталып,  келесі жылдың сәуір айының соңына дейін созылады.Сондықтан  ЖРВИ және тұмау ауруын жұқтырудан сақтанудың жолдарын білген жөн.ЖРВИ/тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы – тұмауға қарсы егу.

    Шымкент қаласы бойынша 2022 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы осал топқа жататын тұлғаларға Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 134580 дозасы алынып, тұмауға қарсы егу жұмыстары МСАК мекемелеріндежүргізілуде.

     Тұмауға қарсы халықтың келесідей осал топтары егіледі:

  • медицина қызметкерлері;
  • алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар;
  • 2,3 триместрдегі жүкті әйелдер;
  • ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мектеп интернат балалары;
  • қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
  • жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.

         Тұмауға қарсы егу егілушінің немесе оның заңды өкілінің жазбаша түрдегі ақпараттық келісіммен тегін жүргізіледі.

     Сонымен қатар, ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасындағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы»25.03.2022ж. №16 қаулысына сәйкес,инфекциялық стационарға емдеуге жатқызылғандар және COVID-19 амбулаториялық емдеуде жүрген, ЖРВИ және пневмония белгілері бар науқастарға полимеразды тізбекті реакция әдісімен зертханалық тексерулер жүргізілуде.

   Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!