24 наурыз - Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні

24 наурыз - Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні

       Шымкент қаласында  «24 наурыз - Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне» орай дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының мамандары, мемлекеттік және жеке меншік бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету  мекемелерінің  бас дәрігерлері, фтизиатр және фтизиопедиатр дәрігерлері,  эпидемиолог дәрігерлері, аудандық СЭББ-ның мамандары қатысты.

      Дөңгелек үстелдің мақсаты – қаламызда туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға қорытынды жасай отырып, қауіпті індеттің профилактикалық іс-шараларын талқылау.

     Туберкулез – жұқпалы ауру. Қоздырғышы – туберкулездің микобактериялары болып табылады. Ең алдымен өкпе, кейде басқа ағзаларды да зақымдайды. Қазіргі таңда міндетті профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және туберкулезге қарсы тиімді химиялық препараттардың болуына байланысты адамдар бұл ауруды белгілі деңгейде бақылауда ұстай алатын болды. Туберкулезді жұқтыру туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамнан ауа және ауа тамшылары жолдары арқылы беріледі.

     Туберкулездің алдын-алуда халық нені білуі тиіс?

  • Жаңа туылған нәрестелер перзентханада 2-4-күндері туберкулезге қарсы Кальметт- Герен Бацилла вакцинасымен (БЦЖ) егіледі және 6-7 жастағы 1 сыныпқа баратын балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда, Кальметт-Герен Бацилла вакцинасымен қайта егу (ревакцинация) жүргізіледі;
  • 14 жасқа дейінгі «Жоғарғы қауіп тобындағы» және туберкулез ошақтарындағы балалардың арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында Манту сынамасымен жылына 1 рет тексерілуі тиіс;
  • Ересектер мен жасөспірімдер міндетті түрде флюорографиялық тексерілуден жылына 1 рет өтуі тиіс.

     Профилактикалық флюорографиялық тексеруге тиісті топтар анықталып, әр жыл сайын жоспар жасалынып, тексерумен қамтылады. Жылына 1 рет және 6 айда 1 рет флюорографиялық тексеруден өтетін, қоршаған ортаға жұғу қаупі жоғары және адамның өзінің туберкулезбен ауырып қалу қаупі жоғары топтар:

  • медициналық ұйымдардың қызметкерлері;
  • әскери қызметке шақырылғандар;
  • жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері;
  • 15-17 жастағы жасөспірімдер;
  • әр түрлі аурулармен диспансерлік есепте тұрған адамдар;
  • иммундық супрессивті терапия алып жүрген адамдар;
  • өкпесінде кез келген этиологиядағы қалдық көріністері бар адамдар;
  • туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыстағы  адамдар;
  • мектепке дейінгі ұйымдардың, жалпы білім беру және мамандандырылған мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың қызметкерлері;
  • жоғары және арнаулы орта оқу орындарының қызметкерлері;
  • дәріханалардың қызметкерлері;
  • нәрестелердің туберкулезге қарсы вакцинациясыз перзентханадан шығарылғанға дейін отбасы мүшелері;
  • әскери қызметшілер мен төтенше жағдайлардың алдын-алу саласының қызметшілері;
  • ҚР территориясына тұрақты және уақытша тұруға келгендер;
  • халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, жолаушы тасымалдаушылар және тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері;
  • тергеудегі және сотталған адамдар;
  • ішкі істер министрлігінің қызметкерлері;
  • арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелерде қызмет алушылар.

 

       Ем қабылдамаған әpбip науқас жылына 10 адамнан 15 адамға дейін туберкулез ауруын жұқтыруы мүмкін. Туберкулезге шалдыққандардың 54%-ын 18-44 жас аралығындағы жұмыс істеуге қабілетті адамдар кұрайды. Профилактикалық флюорографиялық тексерудің мақсаты – ересектер мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез аурушаңдығын ерте анықтау. Туберкулез ауруы ерте анықталмаған жағдайда, ауру бациллярлы түрімен немесе туберкулездің асқынған түрімен анықталып, қоғамға қауіпті күшейтеді.

      Туберкулездің алғашқы белгілері:

  • Жөтелдің екі аптадан астам уақытқа созылуы;
  • Дене қызуының көтерілуі;
  • Кеуде қуысының ауыруы және шаншуы;
  • Дене салмағының түсуі;
  • Түнгі уақытта терлеу;
  • Тәбеттің төмендеуі;
  • Қатты шаршау және әлсіздік;

Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда не істеу керек?

  • Тексерілу үшін тұрғылықты және оқу орны бойынша медициналық мекемеге жүгініңіз;
  • Уақытында анықталған туберкулез айығып кетуге мүмкіндік береді.

 

       Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары туберкулез ауруының алдын алу мақсатында халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстары кеңінен жүргізуде. Парақша, буклеттер таратылып, радиосұхбаттар беріліп, мектептерде диктанттар жаздырылуда.