
Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова өңірлік ақпараттық коммуникациялар алаңында журналистерге иммундаудың өзекті мәселелері және Ұлттық вакцинация күнтізбесі туралы айтып берді.
Сонымен, Вакцинация - профилактикалық денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда әр елде ұлттық иммундау бағдарламасы бар және вакциналар көптеген аурулардың алдын алудың ең қауіпсіз және тиімді шараларының бірі болып саналады.
Жұқпалы аурулармен күрес - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алға қойған міндеттердің бірі және ол бүкіл әлемде миллиондаған балалар мен ересектердің денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартқан вакцинация жүргізу арқылы ғана шешіледі.
ҚР Үкіметінің 24.09.2020 жылғы № 612 қаулысына сәйкес балаларға жоспарлы профилактикалық егулер ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі.
Профилактикалық егулер меншік нысанына қарамастан, АМСК ұйымдарында ата-аналарының немесе қамқоршыларының хабардар етілген келісімімен, қарсы көрсетілімдер болмаған кезде дәрігердің қарауынан кейін тегін жүргізіледі.
2025 жылғы 27 сәуір мен 03 мамыр аралығында Республикада «Иммундауға қол жеткізу - өз қолымызда» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өтеді.
2025 жылғы Еуропалық иммундау апталығының іс-шаралары мынадай міндеттерді іске асыруға бағытталатын болады:
- балаларды, жасөспірімдерді, ересектерді және олардың әлеуметтік ортасын вакцинамен басқарылатын аурулардан қорғау;
- халыққа вакцинациялаудың маңыздылығы мен қажеттілігі туралы, оның денсаулық пен әл-ауқатты қамтамасыз етуге қосқан үлесі туралы ақпаратты жеткізу;
- ата-аналарды (заңды өкілдерді) уақтылы иммундаудан, оның ішінде адам папиллома вирусына қарсы иммундаудан өтудің маңыздылығы туралы хабардар ету.
Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары профилактикалық егуден бас тартпаңыз, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!