Бүгін «HALYK RADIOSY» облыстық радиосында Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Елена Сухоносенко радио тыңдаушыларына адам папиллома вирусына қарсы вакцинация бойынша дәріс ұсынды.
Спикер 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда қыздарды адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялауды бастау жоспарланғанын еске салды. Вакцина тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. 11 жастағы қыздар АПВ-ға қарсы вакцинациялауға жатады, вакцинация 6 ай аралығымен екі рет жүргізіледі.
АПВ - жатыр мойны обырын тудыруы мүмкін өте кең таралған вирус. Сондай-ақ, адам папиллома вирусы тамақтың, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісігін тудырады.
Папиллома вирусы адамнан адамға берілуі мүмкін:
- байланыс-тұрмыстық тәсілмен. АПВ қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға – сауналарға, ванналарға, спортзалдарға, дәретханаларға, бассейндерге барған кезде мұқият болу керек.
- жыныстық жолмен. Жыныстық жолмен берілетін вирустардың онкогендік түрлері жыныс мүшелерінде орналасқан сүйелдерді тудырады.
- туылған кезде тік жолмен. Вирус туу каналы арқылы өту кезінде анадан балаға беріледі. Сүйелдер көбінесе нәрестелерде өмірдің алғашқы жылдарында аузында немесе терісінде пайда болады.
- өзін-өзі жұқтыру арқылы. Көбінесе қырыну немесе эпиляция кезінде АПВ дененің бір аймағынан екіншісіне ауысады.
Жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз тиімді және қауіпсіз әдісі - вакцинация. АПВ вакцинасы әйелдерді өмір бойы осы аурудан қорғайды.