
Кене шағуынан сақ болыңыз!
Таза ауада өткізілетін кез келген белсенді демалыс немесе іс-шаралар кенелермен жанасу қаупін тудыруы мүмкін. Кенелерді үйге үй жануарлары (иттер мен мысықтар) арқылы немесе далада терілген гүлдермен бірге әкелу ықтимал. Егер кене қауіпті вирустармен немесе бактериялармен зақымданған болса, шағу арқылы оларды адамға жұқтыруы мүмкін. Кенелер кене энцефалиті мен Лайм ауруы сияқты жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болып табылады. Бұл аурулар кенелер кең таралған белгілі бір аумақтарда тіркеледі.
Облыста күннің жылынуына байланысты кене шағу жағдайлары тіркелуде. Эпидемиялық маусым кезеңінде Ұлттық сараптама орталығы филиалының зоологиялық тобы кенелерді жинап, оларды жұқпалы ауру қоздырғыштарының бар-жоғына зертханалық тексеруден өткізеді. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап филиал мамандары 9 мыңнан астам кене үлгісін жинады. Зерттеу нәтижелері бойынша жұқпалы аурулардың қоздырғыштары анықталған жоқ. Сонымен қатар, облыста кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелді. Аталған азаматтар бұған дейін кене шағу қаупі жоғары өңірлерде болған.
Кене энцефалиті бойынша эндемиялық өңірлерде – Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында осы инфекцияға қарсы халықты вакцинациялау жүргізіледі. Профилактикалық екпелер табиғи ошақтарда қызмет атқаратын немесе жиі болатын адамдарға салынады.
Павлодар облысы эндемиялық аймаққа жатпайды, яғни біздің өңірде кене энцефалитін тарататын кене түрі кездеспейді. Дегенмен, кене шаққаннан кейін қандай да бір күмәнді белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Кенеден қорғанудың негізгі шараларының бірі – табиғатқа шығар алдында денені барынша жабық ұстау. Ұзын жеңді, жең ұштары тығыз киім киіп, шалбар балағын шұлықтың ішіне салып, жабық аяқ киім мен бас киім киген жөн. Ашық түсті киімдерді таңдаған дұрыс, өйткені олардың үстінен кенені оңай байқауға болады.
Орманды немесе табиғи аумақтарда жүрген кезде бір-біріңізді үнемі қарап тұру маңызды. Әдетте кене бірден теріге жабыспайды, біраз уақыт киімде жүреді. Сондықтан оны дер кезінде байқап, алып тастауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, маса мен кенелерді үркітетін арнайы химиялық құралдар – репелленттерді қолдануды ұмытпаған жөн. Олар теріге және киімге жағылады.
Үй жануарларын серуеннен кейін міндетті түрде қарап шығу қажет, өйткені олар кенелерді үйге алып келуі мүмкін.
Егер сіз эндемиялық өңірлерге демалуға немесе іссапармен баруды жоспарласаңыз, сақтық шараларын қатаң сақтаңыз. Мұндай аймақтарда кене шағу қаупі жоғары екенін есте ұстаған жөн.
Жалпы, өз қауіпсіздігіміз көбіне өзіміздің мұқияттылығымызға байланысты. Қарапайым алдын алу шараларын сақтау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды кене арқылы таралатын аурулардан қорғай аласыз.