
Мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдар мен балалар үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен реттеледі.
Аталған талаптар санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуге, инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алуға, сондай-ақ балалардың болуы мен дамуы үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Санитариялық қағидалар мектепке дейінгі ұйымдардың қызметінің келесі бағыттарына қойылатын талаптарды белгілейді:
Аумақ пен ғимараттарға қойылатын талаптар:
жер учаскесінің санитариялық нормаларға сәйкестігі (аумақты қоршау, функционалдық аймақтарға бөлу, аумақты абаттандыру); қауіпсіз ойын алаңдарының болуы; бір балаға шаққандағы үй-жайлардың белгіленген алаң нормаларын сақтау.
Инженерлік жүйелер және санитариялық-техникалық қамтамасыз ету:
сумен жабдықтау және су бұру жүйелері; жылумен жабдықтау; табиғи және жасанды жарықтандыру; желдету және кондиционерлеу жүйелері.
Үй-жайларды күтіп ұстау және санитариялық жағдайы:
рұқсат етілген жуғыш және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып күнделікті ылғалды тазалау жүргізу; үй-жайларда температуралық режим мен желдету жиілігін бақылау; балалар мен персоналдың жеке гигиена қағидаларын сақтауына жағдай жасау.
Объектілерді пайдалану кезеңінде авариялық жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды қоспағанда, ұйым жұмыс істеп тұрған уақытта күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.
Тәрбиелеу процесін ұйымдастыру және балалардың болу жағдайларына қойылатын талаптар: тәрбиелеу және оқыту жағдайларына қойылатын санитариялық талаптарды сақтау; балалардың қауіпсіз болу жағдайларын қамтамасыз ету (тәулік бойы болатын ұйымдар үшін – тұру жағдайларын қамтамасыз ету); күн тәртібін және гигиеналық талаптарды сақтау.
Тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
Балалардың тамақтануын ұйымдастыру санитариялық бақылаудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мектепке дейінгі ұйымдарда тамақ өнімдерін сақтау шарттары, тауарлық көршілестік қағидалары, өнімдердің жарамдылық мерзімдері, тағамдарды дайындау технологиясы, сондай-ақ тамақтану блогының жабдықтары мен мүкәммалына қойылатын санитариялық талаптар сақталуы тиіс.
Балалардың тамақтануы теңгерімді болуы және ағзаның физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес калориялылығы мен тағамдық құндылығы бойынша қамтамасыз етілуі қажет. Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі шикізатты қабылдаудан бастап дайын тағамдарды таратуға дейінгі барлық кезеңдерде бақыланады.
Тамақтандыруды ұйымдастыруда балалардың негізгі тағамдық заттар мен энергияға физиологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұтымды және теңгерімді тамақтану қағидаларын сақтауға бағытталған бекітілген тамақтану Стандарты қолданылады.
Өндірістік бақылау және персоналға қойылатын талаптар:
санитариялық қағидалар өндірістік бақылауды ұйымдастыруды, персоналдың еңбек жағдайлары мен тұрмыстық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуді, қызметкерлердің міндетті медициналық тексерулерден өтуін, сондай-ақ балаларға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді көздейді.
Сонымен қатар үш топқа дейінгі сыйымдылығы бар мектепке дейінгі ұйымдар үшін де жекелеген талаптар белгіленген.
Санитариялық қағидаларды сақтау меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдар үшін міндетті болып табылады және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, балалардың денсаулығын сақтауға және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.