Дерматомикоздың алдын алу

Дерматомикоздың алдын алу

Дерматомикоз – теріде, бастың шашты бөлігінде немесе тырнақтарда болатын саңырауқұлақтық жұқпалы ауру. Бұл кең таралған ауру болып табылады және кез келген жастағы адамдар зақымдауы мүмкін. Негізгі жұғу жолы – тұрмыстық қатынас арқылы: ортақ тұрмыстық заттар, киім, аяқ киім, сүлгі арқылы, сондай-ақ бассейндерде, моншаларда, спорт залдарында жұғады. Ауру көбінесе иммунитеттің төмендеуі, жеке гигиенаның сақталмауы және ылғалдылығы жоғары жағдайларда пайда болады.

Неліктен профилактика маңызды?

Дерматомикоздар оңай тарайды және қышыну, терідегі жарылулар, тырнақ пен шаштың зақымдануы сияқты жағымсыз белгілер туғызуы мүмкін.
Алайда қарапайым ережелерді сақтау арқылы аурудың жұғу қаупін едәуір төмендетіп, өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға болады.

Дерматомикоздың алдын алу шаралары:

Жеке гигиена. Жеке гигиена заттары мен аяқ киім тек жеке қолдануға арналған болуы тиіс. Өзгенің заттарын пайдалану саңырауқұлақтардың науқас адамнан сау адамға берілуіне әкеледі.

Қоғамдық орындарда сақтық. Моншада, бассейнде және душта өз аяқ киіміңізді киіңіз.

Тырнақ пен шаш күтімі. Маникюр құралдарын, тарақты және сүлгіні тек өзіңіздікін пайдаланыңыз.

Салауатты өмір салты. Мықты иммунитет саңырауқұлақтық инфекцияларға қарсы тұруға көмектеседі. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және физикалық белсенділік жұқтыру қаупін төмендетеді.

Үй жануарларына назар аудару. Үй жануарлары да саңырауқұлақ инфекциясының көзі болуы мүмкін. Егер жануарыңыздың терісінде немесе жүнінде күдікті дақтар болса, ветеринарға жүгініңіз.
Барлық адамдар үшін басты ереже – тазалық пен ұқыптылық  – саңырауқұлақтан қорғанудың ең жақсы қалқаны.