Бүгін «HALYK RADIOSҮ» облыстық радиосының 100.5 fm толқынында Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев «Сібір жарасының алдын алу» атты тақырыпта сөз сөйледі.
Спикер сібір жарасы бұл – терінің, ішектің, өкпенің, лимфа түйіндерінің зақымдалуымен және жоғары өлім-жітіммен сипатталатын адамның және көптеген жануар түрлерінің аса қауіпті ауруы екені туралы айтып берді. Ауыл шаруашылық малы адам үшін жұқпа көзі, ал топырақ және қоршаған ортаның басқа объектілері аурудың резервуары болып табылады.
Адам инфекция көзімен тікелей қатынасқан кезде жұқтырылуы мүмкін: қоздырғыш зақымдалған тері арқылы еніп, адамда сібір жарасының тері формасы туындайды. Адам сондай-ақ зақымдалған тамақ өнімін пайдаланғанда немесе микробтар шашылған ауаны жұтқанда ауруға шалдығады. Тері зақымдалған жағдайда клиникалық белгілері бірнеше сағат ішінде немесе 4-7 күн ішінде байқалады. Дене қызуының 39-40°С дейін бірден артуы, кейін жараға және шиқанға айналатын қышитын қатты кішкене дақ негізгі белгілерінің бірі.
Батырбек Әлиев облыс тұрғындарын аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайтынын айтып, бірден жақын арадағы емдік-профилактикалық мекемеге медициналық көмекке жүгінуге шақырды. Дәрігерге уақытылы жүгінген кезде және ауруды арнайы емдеген кезде, әдетте адам толық сауығып кетеді.