Жаздың бірінші күнінде шомылу маусымы ресми түрде ашылатыны бұл жылы да ерекшелік емес және ол қыркүйек айына дейін жалғасын табады. Жас ерекшелігіне қарамастан, шомылуға бей-жай қарамайтын адамдар жоқ, әсіресе ыстық ауа-райы суда демалуға ынталандырмай қоймайды.
Дегенмен суға түспес бұрын, ол жерде шомылуға қауіпсіз екенін анықтап алған дұрыс. Жағажайдың түбін алдын-ала тексеріп, сондай-ақ төтенше жағдайда көмекке келетін адам табылатынана көз жеткізіп барып шомылуыңыз керек. Отбасының қауіпсіздігі үшін арнайы шомылу орындарында демалған дұрыс.
Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жазғы кезеңде қала шегінде орналасқан, оның ішінде шомылуға және демалуға арналған орын ретінде пайдаланылатын ашық су қоймалары суының сапасына зертханалық зерттеулерге су іріктеумен мониторинг жүргізді.
Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінен және Нұра-Есіл каналынан алынған барлық су сынамаларында санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер анықталды: атап айтқанда, түсі бойынша 2,71 есе, темір мөлшері бойынша 2,3 есе және оттегін химиялық тұтыну бойынша (ХПК) 1,87 есе асып кету анықталды.
Шомылудан кейін жағымсыз салдардың алдын алу үшін қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтау керек, яғни мүмкіндігінше тезірек гигиеналық душ қабылдап және ешқандай жағдайда су қоймаларынан су ішпеу керек.
Белгіленбеген жерлерде шомылу, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндіретіндігі жайлы ескертеміз. Белгілі бір жерде шомылып, демалу үшін су айдындарындағы судың сапасын өндірістік зертханалық бақылауды қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілген, демалыс аймағын ашуға және пайдалануға рұқсат беретін құжаттары мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар аймақтарды ғана таңдаңыз. Бұл сізге денсаулығыңыз үшін еш уайымдамай, толыққанды, сапалы демалуға кепілдік береді. Сондай-ақ, су қоймасында шомылуға тыйым салатын арнайы ақпараттық белгілерге жіті назар аудару қажет!