Қауіпті жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы ҚР ДСМ № 5 бұйрығымен бекітілген «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен реттеледі.
Қауіпті жүкті вагонға тиеу аяқталған соң жүктің дұрыс тиелгені, сенімді бекітілгені тексеріледі, одан кейін жүк вагоны пломбаланады.
Қауiптi жүктердi арнайы контейнерлерде тасымалдау кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) iшiндегiсінің төгiлуiн болдырмау үшін тасымалдау кезінде пайда болатын әртүрлі салмақтарды көтеретін контейнерлер пайдаланылады;
2) қауiптi жүктердi тасымалдауға арналған контейнерлердiң деңгейі аталған заттың қауiптiлiк дәрежесiн айқындайтын қосымша қорғанышы болады.
Қауiптi жүктердi цистерналарда тасымалдау кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) цистерналар тасымалданатын қауiптi жүктiң типіне сәйкес келеді;
2) құю алдында цистерна қаралады, құю арнайы бөлiнген жерде жүргiзiледi, жүктi құюға дайындау (сұйылту, араластыру, ылғалдау) арнайы бейімделген сыйымдылықтарда жүргiзiледi;
3) ағып жатқаны анықталған жағдайда құю тоқтатылады, ақаулы цистернаның iшiндегiсi басқа сыйымдылыққа құйылады;
4) құю орны мәжбүрлі түрде сору желдеткішімен жабдықталады;
5) құю аяқталған соң цистернаның сыртқы бетi сүртiледi немесе құйылған жүктiң iздерi жойылғанға дейін жуылады, жүк құйылып алынған соң цистерналар жуу-булау объектiсiнде өңделедi;
6) қауіпті жүктердi тасымалдауға арналған цистерналарға қауіпті деген белгi қойылады.
Қауіпті жүктер түсірілгеннен кейін вагондардың шанақтары, контейнерлер қарап-тексеріледі, тасымалданған жүк қалдықтары жиналады, қажет болған жағдайда сақтық және қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, зарарсыздандырылады.
Түсіру кезінде ыдыстың зақымданғаны, жүктің шашылғаны немесе төгілгені, вагонда қауіпті зат иісінің болуы анықталған кезде вагонды зарарсыздандыру мәселесін шешу үшін жүкті алушының өкілі, сондай-ақ қажетті профилактикалық іс-шараларды орындау үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды тұлғалары шақырылады.
Қауіпті жүктермен бірге авариялық карточка, тасымалдау қауіпсіздігін куәландыратын қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша халықаралық және ұлттық регламенттердің талаптарына сәйкестік сертификаты қоса жүреді.
Жүк жөнелтушіге өңдеу үшін жіберілетін кері қайтарылатын қауіпті жүктен босатылған ыдыстар мен вагондар авариялық карточкалармен қамтамасыз етіледі.
Авариялық жағдай туындаған кезде теміржол көлігі жұмыскерлерінің және қалыптастыруға тартылғандардың әрекет етуі қауіпті жүктердің қасиеттері ескеріле отырып және авариялық карточкада көзделген шараларды сақтай отырып, жүргізіледі.