Жолаушылар вагондарын сумен жабдықтауға, жылытуға, желдетуге, ауасын баптауға және жарықтандыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-5 бұйрығымен бекітілген «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қадиғаларының 2-ші параграфымен айқындалған. Аталған нормативтік құқықтық құжатта төмендегідей талаптар белгіленген.
СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ
Вагондарды ауыз сумен қамтамасыз ету арнайы су құятын колонкалар арқылы жүзеге асырылады. Вагонның әрбір орны тәулігіне кемінде 25 литр ауыз су сапасындағы суық және ыстық су берумен қамтамасыз етілуі тиіс, бұл мақсатта вагон су қайнататын және суытатын бөлек қондырғылармен жарақтандырылады. Су құятын келте құбырлардың ұшы ластанудан сақтайтын құралмен жабдықталуы керек. Сумен жабдықтау жүйесінің конструкциясында судың ластануын болдырмау, резервуарлар мен таратушы құбырлардан суды толық төгу және тазалау, жуу, дезинфекциялау мүмкіндігі көзделеді. Вагонның сумен жабдықтау жүйесінің суын ағызу, жуу және дезинфекциялау тоқсан сайын, деполық және күрделі жөндеу кезінде, эпидемиологиялық көрсетімдер бойынша атқарылған жұмыстар актісі сақтала отырып жүргізіледі. Жолаушылар поезының қоғамдық тамақтану пунктiнде асханалық және ас үй ыдыс-аяғын, мүкәммалды жууға, шикізаттар мен тамақ өнімдерін технологиялық өңдеуге арналған жуу ванналарына ыстық және суық су өткізу қамтамасыз етіледі. Ауыз су мен ыстық судың сапасы мен қауіпсіздігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-138 бұйрығымен бекітілген Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық суды пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтеріне сәйкес келу керек.
ЖЫЛЫТУ
Жолаушылар вагондарына отын (көмір, ағаш) тиеледі және вагон конструкциясында көзделген көмір қоятын қалталарына салынады. Жылыту аспаптарының конструкциясы және оларды орналастыру оларды шаң мен ластанудан тазалауға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жылыту құрылғылары бетінің +55 ºС-дан жоғары температурасы бар ашық бөлігі қорғаныш қоршаулармен оқшауланады. Микроклимат көрсеткіштері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтеріне сәйкес келуі керек.
ЖЕЛДЕТУ МЕН АУАСЫН БАПТАУ
Жолаушылар вагондары механикалық түрде сыртқа тарту және табиғи түрде ішке сорып желдету жүйесімен жабдықталады. Желдету жүйесі вагондағы әрбір орынға жазда сағатына 20 текше метрден (бұдан әрі – м3/сағ) кем емес, қыста 10 м3/сағ кем емес сыртқы ауаны беруді қамтамасыз етуге арналған үздіксіз жұмысқа есептеледі. Науқастарды тасымалдауға арналған арнайы вагондардың үй-жайында дәлізден үй-жайға ауа алмасуды қамтамасыз ететін жеке ішке сорып желдету жүйесі орнатылады. Арнайы вагондар жол бойында және тоқтап тұрған уақытта электр энергияны үздіксіз қамтамасыз ету үшін автономды энергия көзімен жабдықталады. Жаңадан әкелінетін вагондарда ауаны баптау жүйесі көзделеді. Егер вагонның конструкциясында ауаны баптау көзделмеген болса, онда вагон терезелері олардың биіктігінің 1/3 ашылуы тиіс және кез-келген деңгейде бекітілуі тиіс. Вагонға жіберілетін ауа сүзгілердің көмегімен тазартылады. Тазартылғаннан кейін жіберілген ауаның шаңдануы текше метрге 0,5 миллиграммнан (бұдан әрі – мг/ м3) аспауы тиіс. Желдету сүзгілерін ауыстыру жылдың жазғы кезеңінде 15 күнде бір реттен сиретпей, қысқы кезеңде 25 күнде бір реттен сиретпей жүргізіледі. Салқындату кезінде вагонға жіберілетін сыртқы ауа температурасы +16 ºС-дан төмен емес болып ұсталады. Салон ауасының құрамындағы көміртегі қос тотығының 0,1 пайыздан (бұдан әрі – %), жолаушылар болатын жерлердегі ауа қозғалысының жылдамдығы жылдың қысқы кезеңінде секундына 0,2 метрден (бұдан әрі – м/сек), жазғы кезеңінде ауа баптағыш жұмыс істеп тұрған кезде 0,25 м/сек.-тен жоғары болуына жол берілмейді. Ауа баптағышы жоқ вагондарда жазғы кезеңде ауа қозғалысының жылдамдығының 0,4 м/сек болуына жол беріледі. Мейрамхана вагоны иістердің ас үйден тамақтану залына келуін болдырмайтын, механикалық түрде сыртқа тарту-сору желдеткішімен және ауа баптағышпен жабдықталады. Ауаны ластау (газ, шаң, иіс), жылулық сәулелену көздері бар үй-жайларда жергілікті сорып желдетумен жабдықталады.
ЖАРЫҚТАНДЫРУ
Вагондарда табиғи және жасанды жарық көзделеді. Жасанды жарық үшін спектрі бойынша күндізгі жарыққа жақын, жарқылдауды және айқын қарсы жарықты болдырмайтын люминесценттік шамдар пайдаланылады. Қосалқы және істен шыққан люминесценттік шамдарды құрамның үй-жайларында сақтауға жол берілмейді. Жатын купеде жолаушылар үшін ортақ және әр орынға жергілікті жарық көзделеді.Жолаушыларға арналған купеде, қызметтік үй-жайларда, вагон дәліздерінде еденнен 800 миллиметр (бұдан әрі – мм) деңгейде, диван арқалығынан 600 мм қашықтықта және үстелдің үстінде кемінде 150 люкс (бұдан әрі – лк) жарық қамтамасыз етіледі. Жергілікті жарық шамынан түсетін жарық вагон қабырғасынан 0,7 метр (бұдан әрі – м) қашықтықта және диванның бетінен 0,5 м биіктікте кемінде 40 лк қамтамасыз етіледі. Үлкен дәліздердегі еден деңгейінде, дәретханаларда жарық кемінде 50 лк-ті, шағын дәліздерде, тамбурларда, кіретін есік баспалдақтарында кемінде 30 лк-ті құрайды. Қазандық бөлімдерінде бақылау аспаптарының деңгейінде жарықтың 30 лк-тен кем болмауы көзделеді. Еден деңгейінде жарық түсіретін авариялық жарықтың 1 лк-тен кем болмауы көзделеді. Дизельді үй-жайда жабдықтарға қызмет көрсету кезінде жұмыскерлердің көздеріне жарық ағынының тікелей түсуін болдырмайтын құралдары бар жасанды жарық көзделеді, верстактарда жергілікті жарық орнатылады.