
Павлодар бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Павлодар станциясының теміржол вокзалында және Павлодар халықаралық әуежайында акция өткізді. Бұл іс-шара жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтілетін Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған.
Іс-шараның және жалпы ЖИТС-пен күрес бағдарламасының мақсаты – халықты ауру, инфекцияның берілу жолдары, алдын алу әдістері және ауруды емдеу туралы хабардарлығын арттыру. Медициналық көмекке уақтылы жүгінген кезде өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға болатындығын есте ұстаған жөн.
ЖИТС – өлімге әкелетін ауру, өл көптеген адамдардың өмірін қиған. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні – бұл қорқынышты ауруға назар аударуға бағытталған ең маңызды халықаралық іс-шаралардың бірі.
АИТВ – иммундық жүйенің жасушаларына шабуыл жасап, оның біртіндеп әлсіреуіне әкелетін адамның иммун тапшылығы вирусы. ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы, АИТВ-инфекциясының соңғы кезеңі. Егер диагноз кеш қойылса, ЖИТС емделмеген жағдайда дамиды. Сәтті емделу жағдайында АИТВ-инфекциясы созылмалы сипатқа ие болады және ауру ЖИТС сатысына өтпейді.
Басқарма мамандары АИТВ-инфекциясы адамның биологиялық сұйықтықтары арқылы жұғатыны туралы ақпарат берді. Вирустың көп концентрациясы қанда, спермада, қынаптық секрецияларда, емшек сүтінде болады.
Инъекциялық есірткі тұтынушылар арасында шприцтерді ортақ пайдалану және жыныстық жолмен берілу АИТВ инфекциясының берілуінің жетекші жолдары болып саналады.
АИТВ-инфекциясының алдын алу:
- жыныстық қатынас кезінде қорғаныс құралдарын пайдалануды, азғындық жыныстық қатынастан немесе кездейсоқ қатынастардан бас тартуды;
- теріні және шырышты қабаттарды зақымдайтын кез келген араласулар үшін тек стерильді және бір рет қолданылатын құралдарды пайдалануды;
- есірткі қабылдаудан бас тартуды;
- алкогольдік сусындардан бас тартуды (себебі оларды тұтыну кезінде қауіпті мінез-құлық және соның салдарынан АИТВ-инфекциясының ықтималдығы жоғары) қамтиды.
Қауіпті мінез-құлықтың алдын алу, жыныстық мәдениет пен дұрыс жыныстық мінез-құлық, есірткіден бас тарту – адамды АИТВ инфекциясынан сақтайтын күшті құрал.
Акцияға қатысушыларға жандынамалар, парақшалар, буклеттер таратылды, дәрістер оқылды, олармен әңгімелер өткізілді.