10 қарашада Шығыс Қазақстан бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «ЖТ Семей бөлімшесінің» Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментімен, сондай-ақ басқа да тартылған қызметтермен бірлесе ұйымдастырған теміржол көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау кезіндегі төтенше жағдайды жою бойынша өрт-тактикалық оқу жаттығуға қатысты.
Берілген кейс бойынша, Өскемен 1 стансасының пойыз құрастырушысы цистерналардың бірінде тығыздау саңылауының ашылып, аммиак төгілгенін анықтайды. Заттың булануы басталып, аммиак бұлты пайда болады, жақын маңдағы вагонды өрт шалады. Апат туралы хабарламаны пойыз құрастырушысы беріп үлгереді, кейін есінен танып қалады.
Оқу-жаттығу шеңберінде барлық тартылған қызметтердің іс-қимыл тактикасы пысықталды, төтенше жағдай жойылды.