Оба — ағымы ауыр, жиі өліммен аяқталатын, аса қауіпті зоонозды табиғи ошақты карантиндік жұқпалы ауру.
Осы күні ғылымның дамуымен аурудың алдын алу шараларын ертерек ұйымдастыру мүмкіндігіне байланысты індеттің таралуына ертедегідей жол берілмейді. Дегенмен қазіргі уақытта да адамдар арасында ауру кездесіп тұрады. Мысалы, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында 1997, 1999 жылдары, Қызылорда облысында 1990, 1991, 1993, 1999, 2001, 2002 жылдары оба ауруы тіркелді.
Обаның табиғи ошақтары Қазақстанның ауқымды жерін қамтиды. Оларға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары кіреді.
Оба ауруының өкпелік, ішектік, тері-бубондық, септикалық түрлері болады, осыған байланысты аурудың белгілері де, таралу жолдары да әртүрлі болады. Мысалы, өкпе обасы ауалы-тамшылы жолмен, ішек обасы - тағам арқылы, тері-бубон обасы жанасу арқылы (мал сойып, терісін сыпырғанда) не трансмиссивтік (бүрге шаққанда) жолмен жұғуы мүмкін. Тері-бубон түрінде бүрге шаққан жерге жақын лимфа бездері ісініп, қызыл түсті бөрткен пайда болады. Бөрткен жарылып жараға айналады.
Обаны жұқтырған адам толық сауығып кетуі үшін уақытында дәрігерлік көмекке жүгінуі керек. Оба ауруынан сақтанудың бірден-бір жолдары:
- Дер кезінде обаға қарсы егілу;
- Малдарды тек дәрігерлік тексерістен өткеннен кейін ғана сойып, жіліктеу;
- Ауру аңдарды (әлсіз, қаша алмайтын) ұстап, терісін сыпырмау;
- Кеміргіштердің індерінің маңайында отырмау, не аяқ киімсіз жүрмеу.