Қызметкерлерді мерзімді медициналық тексеріп қарау міндетті болып табылады. Медициналық тексеру лицензиясы бар медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Мерзімді міндетті медициналық тексерулер жұмысшылардың денсаулығының жай-күйін динамикалық бақылауды қаматамасыз етеді, аурулардың бастапқы белгілерін уақытылы анықтап, жалпы кәсіптік, жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Мерзімді тексерулер әр 12 ай сайын кезеңділікпен жүргізіледі.
Медициналық ұйым медициналық тексеру жүргізу үшін дәрігерлік комиссияның құрамын құрады, бекітеді және күнтізбелік жоспар жасайды. Медициналық қарап тексеру аяқталғаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде дәрігерлік комиссияның төрағасы нәтижелерді қорытындылайды, қорытынды актіні 4 данада жасайды және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне ұсынады.
Қорытынды актіге басқа жұмысқа ұсынылған адамдардың аты-жөні, тізімі стационарлық және санаторлық курорттық емдеу, емдік профилактикалық тамақтану, динамикалық бақылауы көрсетіліп, қоса беріледі.
Тексеру деректері қызметкердің медициналық картасына енгізіледі, онда тексеруге қатысатын әрбір медицина қызметкері кәсіби жарамдылығы туралы өз қорытындысын береді. Қызметкер жұмыстан босатылған және басқа кәсіпорынға ауыстырылған кезде медициналық тексеру деректері бар медициналық картасы жаңа жұмыс орны бойынша медициналық ұйымға беріледі.
Мерзімді қарап-тексеруді жүргізу қорытындысы бойынша жұмыс беруші халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен келісілген қызметкерлерді сауықтыру және еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі жыл сайынғы іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Медициналық қарап- тексеруден өтпеген немесе денсаулық жағдайы бойынша жұмысқа жарамсыз деп танылған немесе еңбекке медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды жұмысқа жібермейді.
Қызметкерде кәсіптік ауру анықталған жағдайда, қызметкердің еңбек міндеттерін орындауымен аурудың байланысыена сараптама жүргізу үшін оны кәсіптік патологиялар бойынша мамандандырылған арнайы көмек көрсететін медициналық ұйымға уақытылы жіберуді қамтамасыз етеді. Қызметкерлерді жүргізілген медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды актінің ұсынымдарын орындайды.
Жалпы аурулардың айқын нысандары бар қызметкерлер медициналық ұйымға оңалтуға жіберіледі. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкерлердің мерзімдік міндетті медициналық тексерулерден уақытылы өтуін қамтамасыз етеді.