
Атырау бөлімшелік көліктегі санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ жұмыскерлерінің арасында «Жүрек-қантамыр жүйесі ауруының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.
Семинар өткізудің мақсаты - халық арасында жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, оның пайда болу себептері мен алдын алу тәсілдері туралы ақпараттандыру.
Қазіргі кезде жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Дүниежүзі бойынша жыл сайын жүрек-қан тамыры себебінен болатын өлім-жітім саны басқа ауруларға қарағанда өте көп. Бүгінгі күні жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себептері адамдардың өз денсаулығына дер кезінде көңіл бөлмеуі, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады.
Жүрек-қантамыр жүйесі ауруының алдын алуға болады. Ол үшін тиімді тамақтану ережелерін сақтау, уақытында демалуға, дене қимылымен айналысуға көп көңіл бөлу қажет. Денсаулық сақтауда дұрыс тамақтаудың маңызы зор. Ал спортпен айналысудың — денсаулыққа тигізер әсері мол, ол жүрек жұмысын ұлғайтады және жалпы физикалық жағдайды жақсартады, денсаулықты нығайтады. Сондай-ақ әрбір адам қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылап отыруы қажет. Жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасы әр адамның өмірі үшін маңызды.
Семинар барысында «Жүрек-қантамыр жүйесі ауруының алдын алу» жөнінде әрбір адамның денсаулығы өз қолында, ең бастысы – адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгерту қажеттілігі түсіндірілді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанайық!
Сонымен қатар қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Іс-шара барысында тақырыпқа сай дайындалған жадынамалар мен парақшалар таратылды. Семинарға барлығы 12 адам қатысты.