
Ақмола бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары ынтымақтастық туралы жасалған келісімдер аясында платформалық, орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйіне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізуде. Мониторинг Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-193/2020 бұйрығына сәйкес тоқсан сайын өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – ауыз су сапасын бақылау, қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсерін бағалау және жұқпалы аурулардың алдын алу. Бақылау 20 платформалық су құбыры колоннасында, 3 орталықтандырылған және 8 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау нысанында жүргізіледі. Алынған сынамалар санитариялық-микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге, оның ішінде ауыр металдар тұздары мен пестицидтердің құрамына зерттеледі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде талаптарға сәйкес келмейтін сынамалар анықталған жоқ. Сондай-ақ су арқылы жұғатын инфекциялық аурулар тіркелмеді.