«Салауатты жұмыс орындары» бастамасы аясында семинар өткізілді

«Салауатты жұмыс орындары» бастамасы аясында семинар өткізілді

2026 жылғы 24 ақпанда Бақылаудағы субъектілердің хабардарлығын арттыру, жұқпалы емес аурулардың алдын алу бойынша іс-шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Салауатты жұмыс орындары» бастамасын іске асыру мақсатында Қостанай бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары «Жолаушылар тасымалы» АҚ – «Қала маңындағы тасымал» филиалының Қостанай аймақтық учаскесінде семинар өткізді. Семинардың тақырыбы – «Салауатты жұмыс орындары» бастамасы: негізгі принциптері және енгізу кезеңдері». Іс-шара барысында кәсіпорын қызметкерлері өз денсаулығын нығайту және сақтау, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, кәсіптік аурулар мен жарақаттардың алдын алу, сондай-ақ жалпы денсаулықты жақсарту бағытында маңызды ақпарат алды. Жұмыс орындарын сауықтандыру – бұл бір мезгілде этика, экономикалық тиімділік және заң талаптарын сақтау. Аталған үш аспект өзара тығыз байланысты: қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасау еңбек өнімділігін арттырады, шығындарды азайтады және жұмыс берушінің беделін нығайтады. Денсаулығы мықты әрі ынталы қызметкерлер – кез келген табысты ұйымның негізі. Ал «Салауатты жұмыс орындары» жобасы осы мақсаттарға жүйелі және тиімді түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толық жауап алды.