
2026 жылғы 30 қаңтарда
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында Басқарма мамандары «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ филиалы Атбасар станциясының атқыштар командасы қызметкерлері арасында «Қызылшаның алдын алу», «Нипах вирусы: белгілері, емі, алдын алу шаралары», «Қант диабеті» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру семинарын өткізді. Семинар барысында қызылшаның аса жұқпалы вирустық ауру екені, оған балалармен қатар ересектердің де, әсіресе екпе алмаған тұлғалардың бейім келетіні түсіндірілді. Аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 8–12 күнде пайда болып, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мұрыннан су ағу, жөтел және көздің қабынуымен сипатталатыны айтылды. Аурудың 4–5-күндері бөртпе пайда болып, біртіндеп бүкіл денеге таралады. Қызылшаның арнайы емі жоқ болғандықтан, аурудың алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екені атап өтілді. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе аурумен байланыста болған адамдарға 72 сағат ішінде жүргізіледі.