28 тамыз 2025 жылы Түркістан халықаралық әуежайында Астана қаласы санитариялық-карантиндік бақылау бөлімінің Түркістан қаласы мамандары әуежай қызметкерлерімен «Чикунгунья вирусы: клиникалық көрінісі және алдын алу шаралары» тақырыбында семинар өткізді.
Семинар барысында тыңдаушыларға чикунгунья вирусының таралу жолдары, клиникалық белгілері және алдын алу шаралары түсіндірілді.
Чикунгунья – масалар (негізгі тасымалдаушылар Aedes aegypti және Aedes albopictus) арқылы берілетін жіті вирустық инфекция. Инкубациялық кезеңі 2–12 күнді құрайды. Аурудың негізгі белгілері:
• дене қызуының күрт көтерілуі,
• буындардағы қатты ауырсыну (полиартрит),
• бұлшықет және бас ауруы, әлсіздік,
• тері бөртпелері.
Диагностика серологиялық әдістермен (ELISA, ПТР) жүргізіледі. Арнайы емі жоқ, терапия симптоматикалық: қызуды түсіретін, ауырсынуды басатын және антигистаминді препараттар қолданылады.
Алдын алу масалармен күресуге бағытталған:
• су қоймалары мен ыдыстардағы суды жою,
• инсектицидтерді пайдалану,
• репелленттер мен москит торларын қолдану,
• ашық түсті жабық киім кию.
Семинардың мақсаты – халықаралық әуежай қызметкерлерінің аса қауіпті инфекцияларға дайындық деңгейін арттыру, жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуына жол бермеу.