Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Давлетьярова Баян Қабдрасиловна Түркия жағажайларында қауіпті Vibrio бактериясының пайда болуына байланысты «Еуразия» Бірінші арнасына сұхбат берді.
Сұхбат барысында Баян Қабдрасиловна Vibrio туыстығына жататын бактериялар теңіз суының температурасы жоғарылаған кезде белсенді түрде көбейетінін және адам ағзасына ашық жаралар, сызаттар арқылы немесе ластанған теңіз өнімдерін тұтыну кезінде енуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл микроағзалар гастроэнтериттен бастап некроздаушы фасциит пен сепсиске дейін ауыр, кейде өлімге әкелетін инфекцияларды тудыруы мүмкін.
«Мұндай инфекцияларға әсіресе иммунитеті әлсіреген, бауырдың созылмалы аурулары немесе қант диабеті бар адамдар бейім келеді. Жоғары температура, ауырсыну, жара маңындағы қызару немесе ісіну сияқты белгілер пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну өмірді сақтап қалуы мүмкін», — деді Баян Қабдрасиловна.
Теңіз жағалауында демалуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға ұсыныстар:
•ашық жаралар, сызаттар немесе қабынған тері учаскелері болған жағдайда суға түспеу;
•Vibrio жұқтыру жағдайлары тіркелген аймақтарда шомылмау;
•шикі немесе толық пісірілмеген теңіз өнімдерін тұтынбау;
•әсіресе суға түскеннен кейін жеке бас гигиенасын сақтау;
•алғашқы инфекция белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу.
«Ең бастысы – алдын алу және өз денсаулығыңызға мұқият қарау. Демалыс кезінде де, әсіресе жылы елдерде инфекциялық аурулар қаупі жоғары болатындықтан, сақтық шараларын естен шығармау керек», — деп қорытындылады департамент басшысының орынбасары.