Сібір жарасы: эпидемиологиясы, клиникалық белгілері, алдын алу шаралары

Сібір жарасы: эпидемиологиясы, клиникалық белгілері, алдын алу шаралары

Әлемде 116 сібір жарасы жағдайы тіркеліп, 7 адам қайтыс болды. Қазақстанда 2025 жылдың 6 айында 14 жағдай анықталды (Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы).

Сібір жарасы — зоонозды, аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы — Bacillus anthracis, споралы түрінде қоршаған ортада өте төзімді, топырақта ондаған жыл сақтала алады. Қоздырғыш вегетативті және споралық түрде кездеседі. Споралар ыстыққа, құрғақшылыққа және химиялық заттарға төзімді.

Эпидемиологиясы
Негізгі жұқтыру көзі – ауыл шаруашылығы жануарлары (ірі қара, қой, ешкі, жылқы, шошқа). Адамға ауру жанасу (ет, тері, жүн), алиментарлы, топырақ және сирек зертханалық жолмен жұғады. Инфекция көзі – ауру жануар, оның өлексесі, өнімдері мен қалдықтары.

Клиникалық белгілері
Аурудың терілік түрі жиі кездеседі. Инфекция кіру қақпасы — зақымданған тері. Инкубациялық кезең – бірнеше сағаттан 14 күнге дейін. Алғаш қызарған дақ, кейін папула, везикула, содан соң қоңыр түсті жара (карбункул) дамиды. Жалпы интоксикация белгілері: әлсіздік, бас ауруы, дене қызуы 39–40°С дейін. Аурудың 5%-ы өліммен аяқталуы мүмкін.

Алдын алу шаралары
• Жыл сайынғы вакцинация — ең тиімді әдіс.
• Қауіпті топтағы адамдар (зертхана, ет комбинаты, сою алаңы қызметкерлері) міндетті түрде егілуі тиіс.
• Вакцинаның әсері 12–14 күнде пайда болып, 1 жылға дейін сақталады.
• Ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтау, жануарларға екпе жүргізу маңызды.
• Өлген жануарлардың терісін жою кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет – теріні кесуге және өлексені жыртқыштарға тастауға болмайды.