Менингококк инфекциясы: клиникалық көрінісі және алдын алу шаралары

Менингококк инфекциясы: клиникалық көрінісі және алдын алу шаралары

Қазақстан Республикасының аумағында карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Астана қаласының санитариялық-карантиндік бақылау бөлімінің Түркістан қаласы санитариялық-карантиндік бақылау мамандары «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ қызметкерлері арасында  «Менингококк инфекциясы: клиникалық көрінісі және алдын алу шаралары» тақырыбында семинар өткізді.

Семинар барысында мамандар менингококк инфекциясының эпидемиологиясы, оның клиникалық белгілері, диагноз қою тәсілдері және емдеу әдістері туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар, инфекцияның таралу жолдары мен қауіпті топтар анықталды, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер, иммунитеті төмен адамдар ерекше назарға алынды.

Семинарда қатысушыларға инфекцияның алдын алу шаралары туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Олардың ішінде жеке гигиена ережелерін сақтау, вакцинациядан өту, қауіпті аймақтарға барғанда сақтық шараларын қолдану, сондай-ақ инфекцияның алғашқы белгілерін байқап, дәрігерге жедел қаралу қажеттігі айтылды.

Түркістан халықаралық әуежайының қызметкерлеріне жұмыс барысында қауіпсіздік пен санитариялық талаптарды қатаң сақтау ұсынылды. Мамандар оларды маска тағу, қолды жиі жуу, ортақ пайдаланылатын заттарды дезинфекциялау сияқты профилактикалық шараларды тұрақты түрде орындауға шақырды.

Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан нақты жауап алды. Бұл іс-шара инфекциялық аурулардың алдын алу бағытында қызметкерлердің хабардарлығын арттыруға және қоғамдық денсаулықты қорғауға үлкен үлес қосты.