Көкжөтел

Көкжөтел

Көкжөтел– балаларда жиі кездесетін және жылдам таралатын тыныс жолдарының жұқпалы ауруы. Науқас бала жөтелгенде бактериялар оның демі мен қақырығы арқылы ауаға тарап, ауру сау балаға жұғады. Сонымен қатар сырқат баланың пайдаланған заттары (ойыншығы, ыдысы) арқылы  да  ауру жұғуы мүмкін.

2021-2022 жылдары облыс көлемінде көкжөтел ауруы тіркелген жоқ.  2023 жылдың 10 айында көкжөтел ауруының 83  жағдайы (Ақтау қаласы-52, Жаңаөзен қаласы-6, Қарақия ауданы-3, Маңғыстау ауданы-3, Мұнайлы ауданы-14, Бейнеу-2, Түпқараған-3)  тіркеліп, оның барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар  екендігі анықталды.                                                

Көкжөтелдің белгілері:

Әдетте көкжөтел 6-7 аптаға созылады. Аурудың жасырын кезеңі 2-15 (көбінесе 5-7) күнге дейін созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5 – 39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті болмайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), жиі жөтелген кезде бала булығып қысылады, қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптадан кейде 2 айға созылады. Содан кейін көкжөтелдің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2-3 апта “жай” жөтеліп жүреді де, бірте-бірте  аурудан айығады.

Көкжөтелдің алдын алу (профилактикасы):

  1. Қазақстан Республикасының  ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға 2,3 және 4 айлығынан бастап АКДС екпесі                                            (АбКДС+Хиб+ВГВ+ИПВ) егіледі, одан әрі қарай балаға 1 жас 6 айында және 6 жасқа толған кезде ревакцинация (қайталап екпе егу) жүргізіледі;
  2. науқас баланың тағамы дәрумендерге толы болу қажет;
  3. балаға тек дәрігер белгілеген ем-шараны қабылдау керек.

Көкжөтел ауруының асқынуы тыныс жолдарының, мидағы қан айналымының бұзылуына және баланың ағзасына басқа да асқынуларды әкелуі мүмкін!

 Бір жасқа дейінгі емізулі балалар үшін көкжөтел ауруы қауіпті, сондықтан ауруға қарсы екпені мүмкіндігінше белгіленген мерзімде  жасауға кеңес береміз!