
Іс-шараны Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Б.Сатканбаева ашып, қатысушыларға алғы сөз сөйледі. Өз сөзінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Ж.Белгібаев «Эбола вирусының әлемдегі және Республикадағы эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы Эбола қызбасының таралу ерекшеліктері, аурудың клиникалық белгілері, жұғу жолдары, халықаралық деңгейдегі эпидемиологиялық жағдай және инфекцияның республика аумағына әкелінуінің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Семинар аясында қатысушылар арасында талқылау ұйымдастырылып, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді. Іс-шара туристік операторлардың жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттандыру деңгейін арттыруға және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етті.