
Жұқпалы емес аурулар — адамнан адамға берілмейтін, ұзақ уақыт бойы дамып, баяу өрбитін дерттер. Олардың негізгі төрт тобына мыналар жатады: жүрек-қан тамырлары аурулары (инсульт, инфаркт), онкологиялық аурулар, созылмалы тыныс алу жүйесінің аурулары (астма, өкпенің обструктивті ауруы) және қант диабеті.
Бұл аурулардың алдын алудың басты жолдары — дұрыс тамақтану, дене салмағын қалыпта ұстау, жас пен денсаулық жағдайына сай тұрақты қозғалыс белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, күйзелісті азайту және дәрігерге уақтылы тексеріліп тұру.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталады. Теңгерімді диета жүректің дұрыс жұмыс істеуіне көмектесіп, ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады, семіздік пен қан қысымының жоғарылауын болдырмайды. Сонымен қатар, артық тамақтанбау, салмақ пен қан қысымын бақылау, белсенді өмір салтын ұстану, темекі мен алкогольден бас тарту маңызды.
Тыныс алу жүйесі ауруларының алдын алу үшін зиянды факторлардың әсерін азайтып, иммунитетті күшейту қажет. Өкпе саулығын сақтау үшін шаңды немесе лас ортада жұмыс істегенде қорғаныс құралдарын пайдалану, тыныс алу жаттығуларын жасау, бөлмені жиі ылғалды тазалау және ауаның ылғалдылығын қалыпты деңгейде ұстау керек.
Қант диабетінің алдын алу — уақытында қабылданған дұрыс шешімдерге байланысты. Адам өз денсаулығына мән беріп, зиянды әдеттерден арылып, пайдалы дағдыларды қалыптастырса, ауру қаупін азайта алады. Мысалы, қант пен тазартылған көмірсуларды шектеу, тұрақты түрде спортпен айналысу, жеткілікті су ішу, салмақты қалыпқа келтіру, аз мөлшермен жиі тамақтану, белсенді өмір салтына көшу және талшыққа бай тағамдарды тұтыну.
Қорытындылай келе, күнделікті өмір салтын қайта қарап, дұрыс өзгерістер енгізу арқылы көптеген аурулардың алдын алуға болады. Ең маңыздысы — денсаулықты сақтау үшін тұрақты түрде күш салу.