«Саламатты жұмыс орындары» жобасын енгізу кезеңдері

«Саламатты жұмыс орындары» жобасын енгізу кезеңдері

«Саламатты жұмыс орындары» жобасы – халықтың денсаулығын жақсартуға, созылмалы аурулардың алдын алуға және қызметкерлердің әл-ауқатын нығайтуға бағытталған тиімді бағдарламалардың бірі.

Бұл жобаны енгізу бірнеше өзара байланысты кезеңдерден тұрады. Ең алдымен жобаны жоспарлау жүргізіледі (1-кезең). Одан кейін белгіленген іс-шаралар жүзеге асырылады (2-кезең). Үшінші кезеңде мониторинг пен бағалау жүргізілсе, соңғы кезеңде жоба жетілдіріліп, қажетті түзетулер енгізіледі (4-кезең).

Қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға арналған бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру және бағалау – бұл жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын процесс. Ол еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты басқару шараларымен тығыз байланысты.

Жобаны табысты жүзеге асыру үшін кәсіпорынның жоғары басшылығы жұмыс орнында денсаулық мәселелерімен айналысатын арнайы жұмыс тобын құруы қажет. Сонымен қатар, оның құрамын және негізгі міндеттерін нақты айқындауы тиіс.

Жұмыс тобы кәсіпорынның ерекшеліктеріне қарай құрылады (штаттық немесе функционалдық негізде). Топ жетекшісі жоғары басшылық тарапынан тағайындалып, барлық бағыттағы жұмыстарды үйлестіреді және басқарушылық шешімдер қабылдау барысында басшылықпен тығыз байланыста болады.

Жұмыс тобының басты мақсаты – қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға бағытталған шараларды жоспарлау, әзірлеу, іске асыруды бақылау, сондай-ақ бағдарламаларға тұрақты мониторинг пен бағалау жүргізу.