
Онкологиялық аурулар – патологиялық жасушалардың бақылаусыз өсуі нәтижесінде пайда болатын ісіктер. Бұл жасушалар қалыпты реттелу механизмдерін жоғалтып, үздіксіз көбейеді, қоршаған тіндерге таралады және кейде алыс мүшелерге метастаз береді.
Ісіктер үш топқа бөлінеді: қатерсіз, шартты түрде қатерсіз және қатерлі. Қатерсіз ісіктер баяу өсіп, метастаз бермейді. Шартты түрде қатерсіз ісіктер қатерлі түрге айналуы мүмкін. Қатерлі ісіктер агрессивті өсумен, метастазбен және қайталанумен сипатталады.
ДДҰ деректері бойынша әйелдерде ең жиі кездесетін қатерлі ісік – сүт безі обыры, ерлерде – простата обыры. Жынысына қарамастан өкпе, асқазан, тоқ ішек және бауыр обыры жиі кездеседі. Балаларда лейкемия мен кейбір қатерлі ісіктер басым.
Қатерлі ісіктің қауіптілігі – оның ұзақ уақыт белгілерсіз өтуі. Негізгі белгілеріне себепсіз салмақ жоғалту, шаршау, ұзаққа созылған қызба, тәбеттің төмендеуі және лимфа түйіндерінің ұлғаюы жатады.
Алдын алу үш деңгейден тұрады:
бастапқы – салауатты өмір салтын сақтау;
екіншілік – ауруды ерте анықтау;
үшіншілік – қайталану мен асқынудың алдын алу.
Денсаулығыңызды сақтаңыз және уақтылы тексеріліп тұрыңыз!