Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА)

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА)

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) – тыныс жолдарының зақымдалуымен, өкпе паренхимасының бұзылуымен және эмфиземаның дамуына әкелетін созылмалы қабынбалы ауру. Бұл аурудың адам ағзасына тигізетін зияны қайтымсыз сипатқа ие.

ӨСОА екі негізгі түрге бөлінеді: эмфизема және созылмалы бронхит.
Эмфизема – өкпедегі ауа қалташаларының (альвеолалардың) бұзылуымен сипатталатын ауру. Созылмалы бронхит – бронхылардың, яғни тыныс алу жолдарының ұзақ уақыт бойы қабынуы. Ол қақырықты жөтелмен, тыныс алудың қиындауымен, ентігумен және тез шаршаумен көрініс береді.

ӨСОА дамуының негізгі қауіп-қатер факторларына мыналар жатады:
темекі шегу, жұмыс орнындағы шаң-тозаң мен химиялық заттар, органикалық отындардың жануынан пайда болатын үй ішіндегі ауаның ластануы, қоршаған ортаның ластануы, бала кезіндегі ауыр тыныс жолы инфекциялары және генетикалық бейімділік.

Аурудың басты симптомдары:
қақырықпен немесе қақырықсыз созылмалы жөтел, жиі бронхитпен ауыру, тыныс алудың қиындауы, ентігу, әлсіздік пен шаршау, респираторлық аурулардың жиі қайталануы.

ӨСОА диагнозы спирометрия (өкпенің тіршілік сыйымдылығын өлшейтін арнайы әдіс), өкпенің рентгенологиялық зерттеуі немесе компьютерлік томография арқылы қойылады.

Аурудың алдын алу шаралары:

  • темекі шегуді толық және тез арада тоқтату;
  • отбасы мүшелерінің де темекі шекпеуін қамтамасыз ету;
  • тұрғын үйді күнделікті тазалап, жиі желдету;
  • калориясы жоғары, құнарлы тағамдарды тұтыну (балық, тауық еті, ет өнімдері, жеміс-көкөністер);
  • дене шынықтыру жаттығуларын жасау және таза ауада серуендеу.