А, В және С гепатиттері: әр адам нені білуі керек?

А, В және С гепатиттері: әр адам нені білуі керек?

«Гепатит» деген сөзді естігенде көпшілік оны бір ғана ауру деп ойлайды. Алайда гепатиттің бірнеше түрі бар, олардың ішінде ең жиі кездесетіні – А, В және С вирустық гепатиттері. Барлығы бауырды зақымдайды, бірақ жұғу жолдары мен салдары әртүрлі. А гепатиті лас қол, ластанған су мен тағам арқылы жұғады. Ал В және С гепатиттері қан арқылы беріледі, сонымен қатар В гепатиті қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде және анадан балаға босану барысында жұғуы мүмкін.

Гепатиттен қорғанудың ең тиімді жолы – алдын алу. А гепатитінің алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, қауіпсіз су пайдалану, көкөніс пен жеміс-жидекті мұқият жуу қажет. Қазақстанда А гепатитіне қарсы вакцинация балаларға 2 жаста және 2,5 жаста жүргізіледі. В гепатитіне қарсы да тиімді вакцина бар: ол нәрестеге туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда, кейін 2 және 4 айлығында Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес салынады.

В және С гепатиттерінің қауіптілігі – олардың ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтуі. Адам өзін сау сезінуі мүмкін, бірақ осы уақытта вирус бауырды зақымдай береді. Сондықтан тек стерильді медициналық және косметологиялық құралдарды пайдалану, бөтен адамның ұстарасы мен маникюр құралдарын қолданбау, сондай-ақ қауіп факторлары болған жағдайда уақтылы тексеруден өту өте маңызды.

Қазіргі таңда вирустық гепатиттердің көпшілігін тиімді емдеуге болады, ал көптеген жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бар. Вакцинация, қарапайым сақтық шараларын сақтау және өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау бауырдың саулығын сақтап, ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.