Листериозды қалай жұқтырмауға болады?

Листериозды қалай жұқтырмауға болады?

Листериоз – Listeria monocytogenes бактериясы қоздыратын жұқпалы ауру. Бұл бактерияға атау антисептика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, британдық хирург Джозеф Листердің құрметіне берілген. Микроорганизм ХХ ғасырдың басында анықталғанымен, оның тағам арқылы таралатын инфекциялардың қоздырғышы ретіндегі маңызы 1980-жылдардағы ірі індеттерден кейін ғана кеңінен белгілі болды.

Бұл бактерияның ерекшелігі – тоңазытқыштағы төмен температурада да тіршілік етіп, көбейе алуы. Листерия топырақта, суда, өсімдіктерде және көптеген жануарлардың ішегінде кездеседі. Оны қоршаған ортадан толық жою мүмкін емес, сондықтан тағам қауіпсіздігі қағидаларын сақтау аса маңызды.Листерия пастерленбеген сүт пен ірімшіктерде, дайын ет өнімдерінде (паштет, шұжық, ет деликатестері), ысталған немесе аз тұздалған балықта, сондай-ақ дайын салаттар мен тоңазытқышта ұзақ сақталатын тағамдарда болуы мүмкін.

Листериоз сирек кездескенімен, тағам арқылы жұғатын ең ауыр инфекциялардың бірі болып саналады. Оның басты ерекшелігі – ауру белгілері көптеген тағамдық инфекциялардағыдай бірнеше сағат немесе күннен кейін емес, жұқтырған тағамды тұтынғаннан кейін 70–90 күнге дейінгі аралықта пайда болуы мүмкін.Дені сау адамдарда ауру көбіне тұмауға немесе тағамнан улануға ұқсас өтеді: дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, бұлшықет ауыруы, жүрек айнуы байқалады. Алайда жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген азаматтар үшін бұл инфекция өте қауіпті. Олардағы ауру жүйке жүйесінің зақымдануына, сепсиске және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Инфекциядан сақтану үшін пастерленген сүт өнімдерін пайдалану, ет пен балықты толық пісіру, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу қажет. Дайын тағамдарды, тіпті тоңазытқышта болса да, ұзақ уақыт сақтамаған жөн.Қызықты дерек: листерия – шамамен +4 °C температурада да көбейе алатын сирек бактериялардың бірі. Сондықтан тоңазытқыш көптеген микробтардың көбеюін баяулатқанымен, листериядан толық қорғай алмайды. Тағам қауіпсіздігі дүкеннен басталып қана қоймай, үй жағдайында дұрыс сақтау мен дайындауға да байланысты. Осы қарапайым қағидаларды сақтау жұқтыру қаупін едәуір төмендетеді.

Қостанай облысында листериоз ауруының жағдайлары тіркелген жоқ.