Тырысқақтың алдын алу

Тырысқақтың алдын алу

Тырысқақ — жедел ішек инфекциясы, ол өте қарқынды түрде дамиды және қысқа уақыт ішінде адам ағзасы айтарлықтай мөлшерде сұйықтық жоғалтады. Бұл жағдайда науқаста қатты құсу мен іш өту байқалып, су мен электролиттердің тапшылығы пайда болады. Жедел сусыздану ауруды ерекше қауіпті етеді.Тырысқақтың қоздырғышы — тырысқан вибрионы деп аталатын бактерия. Бұл қозғалғыш микроб адам ағзасының жұмысын бұзатын уыт (токсин) бөле алады. Тырысқақ аса қауіпті жұқпалы ауруларға жатады. Ол су арқылы және фекальды-оральды жолмен тез таралып, ағзаның ауыр сусыздануына әкелуі мүмкін.

Инкубациялық кезеңі әдетте бірнеше сағаттан 5 күнге дейін созылады, көбінесе алғашқы белгілері жұққаннан кейін 1–2 күн ішінде байқалады. Аурудың негізгі белгілері ішектің уытты зақымдануымен және су-тұз балансының бұзылуымен байланысты.Негізгі белгілері:жиі, көп мөлшерлі іш өту (ауырсынусыз және түйілусіз), кенеттен пайда болатын, жүрек айнусыз қайталамалы құсу, ағзаның сусыздануының үдеуі, ауыздың құрғауы, сілекей бөлінудің азаюы, бұлшық еттердің (әсіресе балтыр бұлшық еттерінің) ауырсынулы түйілуі, қан қысымының төмендеуі, жүрек соғысының жиілеуі, әлсіздік, дауыстың қарлығуы кей жағдайларда дене температурасының көтерілуі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде жүздеген мың жағдай тіркеледі, ал санитарлық жағдайы төмен аймақтарда ірі эпидемиялар болуы мүмкін. Ең көп таралуы таза ауыз суға қолжетімділігі шектеулі және санитарлық деңгейі төмен елдерде байқалады. Қазақстан Республикасында тек әкелінген (импорттық) жағдайлар ғана тіркеледі.

Тырысқақты емдеу тек медициналық мекемеде, инфекциялық стационар жағдайында жүргізіледі. Негізгі мақсат — жоғалған сұйықтық пен тұздардың орнын толтыру және бактерияға қарсы ем қолдану.

Аурудың алдын алу үшін, әсіресе тырысқақ жиі кездесетін Африка мен Азияның кейбір елдеріне (Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан және т.б.) сапар жоспарлаған азаматтарға келесі сақтық шараларын сақтау ұсынылады:

  • тек қайнатылған немесе бөтелкедегі су ішу;
  • сусындарға мұз қолданбау;
  • тағамды мұқият термиялық өңдеуден өткізу;
  • жеміс-жидек пен көкөністерді тек қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жуу;
  • қол гигиенасын сақтау, тамақ ішер алдында және дәретханадан кейін сабындап жуу;
  • тек рұқсат етілген су айдындарында шомылу, суды ауызға түсірмеу;
  • алғашқы белгілер пайда болған жағдайда өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну.

Құрметті азаматтар! Сапар кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Денсаулығыңызды қорғаңыздар, мұқият болыңыздар және дәрігер мамандардың кеңестерін орындаңыздар.

 

Б.Ибентаева - бас маман