Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру

Балалардың жазғы демалысы – бұл тек каникул ғана емес, сонымен қатар денсаулықты нығайтып, тынығып, жаңа әсерлер жинауға мүмкіндік. Көбінесе балалар қала сыртындағы, мектеп жанындағы немесе шатырлы лагерьлерде демалады. Онда олар ересектердің бақылауында болып, ойындарға, спорттық және шығармашылық іс-шараларға қатысады.

Жазғы маусым басталар алдында барлық лагерьлер міндетті түрде тексерістен өтіп, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласында қызмет жүргізуге рұқсат құжаттарын алады. Рұқсат құжатынсыз қала сыртындағы лагерьлердің қызметіне тыйым салынады.

Лагерь басшылары тарапынан ұйымдастыру және дайындық жұмыстарының кешені жүргізіледі. Балалардың қауіпсіздігі мен санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Жыл сайын маусым басталар алдында лагерьлерде дезинфекциялық жұмыстар (су құбырлары желілерін, ғимараттарды, аумақты өңдеу), жатын корпустары мен қосалқы бөлмелерді жөндеу, аумақты тазалау және абаттандыру, жағажай мен су айдындарын шомылу маусымына дайындау, су түбін тазалау жұмыстары жүргізіледі.

2026 жылы 12 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейтін болады. Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ), яғни қызметке рұқсат алған лагерьлердің тізімі жарияланады.

Лагерьлерде үй-жайлардың жағдайына, тұру шарттарына, тамақтану сапасына және медициналық көмектің қолжетімділігіне ерекше назар аударылады.

Балалардың қауіпсіздігі – басты міндет. Лагерьлерде су мен тағам сапасы қатаң бақылауда болады, тазалық пен дезинфекция жұмыстары тұрақты жүргізіледі, ал қызметкерлер арнайы нұсқамадан өтеді. Балаларға мазмұнды демалыс ұйымдастырылады: түрлі байқаулар, спорттық ойындар, үйірмелер және құрдастарымен қарым-қатынас. Бұл олардың дамуына және уақытты тиімді өткізуіне ықпал етеді.

Ортақ мақсатымыз – әрбір баланың жазғы демалысын қауіпсіз, пайдалы әрі жарқын естеліктерге толы ету.