
Көкжөтел — жай ғана ұзаққа созылған жөтел емес, бұл ауа-тамшы жолымен берілетін және әсіресе кіші жастағы балаларда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін жедел бактериялық инфекция. Көпжылдық вакцинацияға қарамастан, соңғы жылдары аурушаңдықтың артуы байқалуда — бұл тікелей екпемен қамтылу деңгейінің төмендеуіне байланысты.
Көкжөтел деген не және жұғу жолдары қандай?
Ауру қоздырғышы — Bordetella pertussis бактериясы. Ол тыныс алу жолдарының шырышты қабатын зақымдап, қабыну тудыратын және ұстамалы жөтелдің қалыптасуына әкелетін уыттар бөледі.
Инфекция көзі — тек адам. Жұғу жөтелгенде, түшкіргенде, жақын сөйлескенде болады.
Маңызды: инфекция 2 метрден аспайтын қашықтықта беріледі және тұрмыстық заттар арқылы таралмайды, өйткені бактерия сыртқы ортада тез жойылады.
Көкжөтелмен кез келген жастағы адам ауыруы мүмкін, алайда қауіп тобына жаңа туған нәрестелер мен өмірінің алғашқы айларындағы балалар, екпе алмаған балалар және қарт адамдар жатады.
Инфекцияның ерекшелігі — туа біткен иммунитет нәрестелерді қорғамайды, сондықтан жалғыз тиімді қорғаныс — вакцинация.
Ауру біртіндеп дамып, үш кезеңнен өтеді:
Катаральды кезең (қарапайым суық тиюге ұқсас): құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының сәл көтерілуі.
Одан кейін спазмдық жөтел кезеңі басталады: қатты жөтел ұстамалары, ысқырықты тыныс алу («реприза»), бетінің қызаруы немесе көгеруі, ұстамадан кейін құсу болуы мүмкін.
Мұндай ұстамалар тәулігіне ондаған рет қайталануы мүмкін және көбіне түнде жиілейді.
Сауығу кезеңінде жөтел азаяды, бірақ бірнеше аптаға, тіпті айларға дейін сақталуы мүмкін.
Көкжөтел — зиянсыз инфекция емес. Ол пневмонияға, бронхитке, жүйке жүйесінің зақымдануына, құрысуға, қан құйылуларға әкелуі мүмкін.
Әсіресе ауру кішкентай балаларда ауыр өтеді.
Жаппай вакцинация енгізілгеннен кейін көкжөтел бақылауға алынған болатын. Алайда бүгінде кері үрдіс байқалады. Оның себептері — профилактикалық екпемен қамтылудың төмендеуі, екпе алмаған балалар санының артуы, сондай-ақ екпе алғандардағы жеңіл (жасырын) түрлерінің дер кезінде анықталмай, инфекцияның таралуына ықпал етуі.
Алдын алу: шынымен тиімді шаралар
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құжаттарына сәйкес, көкжөтелдің негізгі алдын алу әдісі — вакцинация. Иммундау 2 айлық жастан бастап жүргізіледі: 1 ай аралықпен үш рет, кейін 1,5 жаста ревакцинация жасалады.
Тіпті екпе алған бала ауырған жағдайда да, ауру жеңіл түрде өтеді және ауыр асқынуларсыз аяқталады.
Сондай-ақ қарапайым, бірақ тиімді шаралардың маңызы зор: 5–7 күннен ұзақ жөтел болса, дер кезінде дәрігерге қаралу, науқастарды оқшаулау, бөлмелерді желдету, санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау.
Ең бастысы — көкжөтел басқарылатын инфекция екенін есте ұстау қажет.
Аурудың және оның ауыр салдарының қаупін төмендетудің жалғыз сенімді жолы — вакцинация. Халықтың иммундау деңгейін жоғары деңгейде ұстау тек жеке адамды ғана емес, сондай-ақ ең осал топтарды қоса алғанда, бүкіл қоғамды қорғайды.