Бюджеттен қаржыландырылатын балаларға арналған объектілерді бақылаудың жаңа форматы

Бюджеттен қаржыландырылатын балаларға арналған объектілерді бақылаудың жаңа форматы

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесіндегі өзгерістер күшіне енді.

2025 жылғы 4 желтоқсанда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және балаларды тамақтандыру, тұру, медициналық көмек, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру саласында қызметтер көрсететін субъектілерге қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізілген заңға қол қойылды.

Осы шеңберде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізе алады. Бақылаудың бұл жаңа нысандары балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Жоспардан тыс тексерулер бақылау субъектісіне алдын ала ескертусіз кенеттен жүргізілетінін атап өту қажет, бұл бақылаудың дұрыстығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, тексеруші орган бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған материалдарды, тіркеу уақыты мен орны көрсетілген фото - және (немесе) бейнематериалдарды қоса алғанда, растайтын дәлелдемелер болған кезде жоспардан тыс тексеру үшін негіз ретінде пайдалана алады.

Бұдан басқа шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жыл ішінде тексерулер жүргізуге тыйым алынып тасталды.

Бұл ретте, жоспарлы тексеру және мониторинг барысында объектіге алғашқы барған кезде айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылмайды. Жаза түріндегі жауапкершілік анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаманы орындамаған бұзушыларға ғана қатысты көзделген.

Балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайларда жедел әрекет ету шаралары қолданылады: объектінің қызметін тоқтата тұру немесе тыйым салу, сондай-ақ персоналды жұмыстан шеттету.

Сонымен қатар, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жеке ұсыныстар енгізу құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Бұл ретте прокуратура органдарында тексерулерді міндетті тіркеу сақталады.