Желшешек, немесе халық арасында жиі айтылатын ветрянка — бұл варикелла-зостер вирусынан туындайтын жедел жұқпалы ауру. Көбінесе бұл ауруға балабақша немесе бастауыш сынып жасындағы балалар шалдығады, бірақ иммунитеті жоқ кез келген жастағы адам да жұқтыруы мүмкін.
Бұл ауру өте жұқпалы және әуедегі тамшылар арқылы – сөйлесу, жөтелу немесе түшкіру кезінде таралады. Жұқтырғаннан кейін ауру белгілерінің шығуына дейін 10–21 күн өтуі мүмкін. Бастапқыда тұмауға ұқсас белгілер байқалады: дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі. 1–2 күннен кейін денеде кішкентай қызғылт дақтар пайда болады, олар тез арада мөлдір сұйықтыққа толы көпіршіктерге айналады. Біраз уақыттан соң бұл көпіршіктер құрғап, қабыршақтанып түседі.
Бөртпелер қатты қышумен бірге жүреді, әрі жаңа бөртпелер бірнеше күн қатарынан пайда болуы мүмкін, сондықтан денеде бір уақытта дақтар, көпіршіктер және қабыршақтар қатар жүреді. Ауру әдетте 7–10 күнге созылады.
Арнайы емдеу қажет емес – науқасқа қызуды түсіретін дәрілер, қышуды басатын антигистаминдік құралдар және бөртпелерге антисептикалық жергілікті өңдеу тағайындалады. Бөртпені қасуға болмайды, себебі бұл екінші инфекцияның түсуіне және тыртықтардың қалуына әкелуі мүмкін.
Балаларда бұл ауру жеңіл түрде өтеді, ал ересектерде жоғары температура, бөртпенің көбірек шығуы және асқынулардың қаупі жоғары болады – мысалы, өкпе, тері немесе жүйке жүйесінің қабынуы мүмкін.
Адам желшешекмен бір рет ауырғаннан кейін, әдетте өмір бойына тұрақты иммунитет қалыптасады. Алайда вирус организмде жасырын түрде сақталып, кейіннен белдеулi темiреуiш (опоясывающий лишай) түрінде қайтадан көрініс беруі мүмкін.