Қарағанды облысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 2025 жылдың 27 сәуірі мен 3 мамыры аралығында «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы басталады.
Бұл акция жыл сайын екпеге деген сенімді көзқарасты қалыптастыру және тұрғындарды вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы ақпараттандыру мақсатында өткізіледі. Еуропалық иммундау апталығының негізгі мақсаты – халықтың жасына қарамастан, әрбір адам вакцинамен басқарылатын аурулардан қорғануға мұқтаж және құқығы бар екендігі туралы хабардар ету.Иммундау жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтайды және бұл жетістікке жетіп, оны сақтап қалу керек. Вакцинамен басқарылатын инфекциялардың жағдайлары мен өршуінің едәуір төмендеуі көптеген жұқпалы ауруларды сирек кездесетін жағдайға айналдырды. Алайда, вакцинамен басқарылатын инфекциялар әлі де мүгедектік пен өлімнің себебі болып табылады. Жыл сайын әлемде вакцинамен басқарылатын аурулардан бес жасқа толғанға дейін 1,4 миллион бала қайтыс болады. Еуропалық иммундау апталығы әр баланы иммундау жұқпалы аурулардың алдын алу және өмір сүру ұзақтығы үшін маңызды деген негізгі идеяны насихаттауға ықпал етеді.
2025 жылғы иммундау апталығы аясында облыста халық арасында иммунопрофилактиканы насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар жоспарлануда: науқан іс-шараларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, дөңгелек үстелдер өткізу, халыққа сауалнама жүргізу, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда халықты иммундау мәселелері ақпараттау үшін жедел желі телефондары жұмыс істейтін болады. Осы науқанды өткізуге қатысуға Денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылатын болады.
Өз балаларын иммундаудан бас тартатын ата-аналармен, халықтың қолы жетпейтін топтарымен жұмыс істеуге, білім беру мекемелерінде иммундауды насихаттауға ерекше назар аударылатын болады. Адамдарды амбулаториялық-емханалық ұйымдарға шақыра отырып және екпелерді жол қатынасы қиын елді мекендерге жібере отырып, инфекциялық ауруларға қарсы егілуге жататын халықты иммундауды белсенді жүргізуді ұйымдастыру жоспарлануда.
Еуропалық иммундау апталығының түпкі мақсаты - көптеген адамдар мен қоғамды вакциналармен алдын алуға болатын аурулардан қорғау. Иммундау апталығы кезеңінде иммунопрофилактика мәселелері бойынша сенім телефоны немесе "жедел желі" телефондары, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасында (87212) 95-97-79, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде (8-7212) 41-13-35 жұмыс істейтін болады.
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстың мемлекеттік органдарын, ведомстволарын, ұйымдарын Еуропалық иммундау апталығының іс-шараларына белсенді қатысуға шақырады.
Иммундау халықтың барлық топтары үшін қолжетімді және тегін!
ВАКЦИНАЦИЯ - БҰЛ БАЛАЛАРДЫ ЖӘНЕ БҮКІЛ ХАЛЫҚТЫ БІРҚАТАР ИНФЕКЦИЯЛАРДАН ҚОРҒАУДЫҢ ЕҢ СЕНІМДІ ӘДІСІ!