Жеке медициналық кітапшаларды алудың жаңа форматы туралы

Жеке медициналық кітапшаларды алудың жаңа форматы туралы

Ағымдағы жылдың 13 наурызынан бастап "Меке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы №ҚР ДСМ-196/2020 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрығы күшіне енді, оған сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖМК беру, есепке алу және жүргізуді жүзеге асыру тек электронды түрде ғана болады.

Жеке медициналық кітапша - бұл міндетті медициналық қарап-тексерулердің нәтижелері енгізілетін, түрі мен ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толық жаңғыртатын, жұмысқа жіберу туралы белгімен берілетін және қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасы және денсаулық сақтау субъектісінің QR-коды арқылы куәландырылатын дербес құжат.

Паспорттық деректерде иесі, оның кәсібі мен лауазымы, жұмыс орны, туған күні, тұрғылықты жері туралы мәліметтер көрсетіледі.

Бұрын болған жұқпалы аурулар туралы мәліметтер, рентгенологиялық тексеру, венерологиялық ауруларды зертханалық зерттеу нәтижелері және дерматовенеролог дәрігердің қорытындысы, сондай-ақ профилактикалық егулер туралы мәліметтер және патогендік стафилококкты тасымалдауға, гельминт жұмыртқаларына, бактериологиялық зерттеу мен вирустық гепатит, АИТВ маркерлеріне зерттеу нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеден жеке медициналық кітапшаға көшіріледі.

Маман қорытынды енгізеді, ол оның жеке ЭЦҚ-мен бекітіледі.

Жеке медициналық кітапшада маманның ТАӘ (бар болса), маманның ЭЦҚ және денсаулық сақтау субъектісінің QR-кодын көрсете отырып, жұмысқа жіберу мерзімдері көрсетіледі.

Жұқпалы немесе паразиттік ауруды диагностикалау, сондай-ақ жұмысқа жіберуге қарсы көрсетілім болып табылатын жұқпалы аурулар қоздырғыштарының тасымалдаушылығын анықтау кезінде маман емдеу үшін жеке медициналық кітапшаның иесін тұрғылықты жері бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін тиісті медициналық ұйымға жібереді.

Қазіргі уақытта медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде, соның нәтижесінде «e-densaulyq» сервисі «Жеке медициналық кітапша» модулінің деректерін қабылдауды бастайды.