Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі - вакцинация. Қарағанды облысында 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундауды бастау жоспарлануда.
Осы мақсатта жергілікті бюджет қаражатынан 173 мың доза мөлшерінде тұмауға қарсы "ГРИППОЛ" вакцинасын сатып алуға келісімшарт жасау рәсімдері жүргізілуде.
Вакцинацияны ақысыз негізде:
- медицина қызметкерлері;
- денсаулық жағдайы бойынша тәуекел тобына жататын, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған адамдар;
- балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары;
- эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция қаупі жоғары адамдар алады.
2023-2024 жылдардағы егу науқанында облыс халқының 14,8%-ы тұмауға қарсы иммундаумен қамтылды, 176 310 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 20 714 бала егілді, бұл тұмаумен сырқаттанушылықты 73%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейін, тұмау - ауа тамшылары арқылы берілетін тұрғындар арасында, әсіресе балалар ұжымдарында өте тез таралатын жедел вирустық ауру. Барлық жастағы адамдар тұмау вирустарына сезімтал. Бұл ауру өте жұқпалы және кейде эпидемия немесе пандемия сипатында болады. Тұмау вирусы асқынулардың тез дамуымен сипатталады, сондықтан жоғары температура, бас ауруы, бұлшықет ауруы, жарыққа сезімталдық және басқадай алғашқы белгілер пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну маңызды.
Тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирустық бөлшектердің санына, адамның иммундық жүйесінің күйіне, сондай-ақ вирустың түріне байланысты. Инфекцияны жұқтырғаннан бастап оның алғашқы белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан бастап бірнеше күн (орта есеппен 2-4 күн) өтеді. Аурудың белгілері өте тез дамиды, сондықтан науқас әрдайым аурудың басталу уақытын дәл көрсете алмайды.
Шұғыл көмекті қажет ететін симптомдар туралы есте ұстаған жөн: 38°С және одан жоғары температура, ол 3-5 күннен ұзаққа созылады, бастың қатты ауруы (ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдағаннан кейін де басылмайды), ентігу, сананың бұзылуы, құрысулар.
Балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ денсаулық сақтау мамандары және жұмысы науқас тұрғындармен жиі байланыста болатын адамдар жедел вирустық инфекцияларды жұқтыру бойынша ерекше қауіпті топтарға жатады. Сонымен қатар, уақтылы вакцинация алу аурудың және асқынулардың ауырлығын азайтады.
Тұмау, ЖРВИ және КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша облыста эпидемиологиялық салауаттылықты сақтау, микст-инфекцияның ауыртпалығын азайту мақсатында ұсынылатын алдын алу шаралары туралы еске салғымыз келеді:
- адамдар көп жиналатын жерлерде, әсіресе жабық үй-жайларда болу уақытын шектеу;
- мүмкіндігінше жөтел, түшкіру, мұрыннан су ағу және т. б. сияқты катаральды құбылыстардың белгілері бар адамдармен байланысты шектеу;
- жөтел этикетін сақтау, ал жөтелген кезде ауызды және мұрынды орамалмен, майлықпен жабу, қолды шырышты беттерге тигізбеу;
- қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, әсіресе көше мен қоғамдық көліктен кейін, қолыңызды үнемі дымқыл гигиеналық және дезинфекциялық құралдармен өңдеу;
- бөлмені жиі желдетіп, үнемі дымқыл тазалап отыру, бөлмедегі ауаны ылғалдандыру, оның ішінде жалпы қолданыстағы заттарды (есік тұтқалары, шүмектер және т. б.) сүрту;
- дәрігердің ұсынысы бойынша иммунитетті күшейтетін препараттар мен құралдарды қолдану.