Кене энцефалитінің алдын алу

Кене энцефалитінің алдын алу

Көктем – табиғат аясында серуендеу және демалу уақыты, осы ретте адамды шағуы арқылы денсаулығына қауіп төндіретін кенелердің ояну уақыты екенін атап өткен жөн.

Кенелер трансмиссивті аурулардың тасымалдаушысы болып табылады, олар: кене энцефалиті, кене сүзегі (кене риккетсиозы), кене иксодиозы (Лайм ауруы) және т. б.

Кене энцефалиті - бұл табиғи ошақты, вирустық ауру, оның қоздырғышы орталық жүйке жүйесінің басым зақымдалуымен сипатталатын кене энцефалитінің вирусы болып табылады. Қазақстанда кене энцефалиті бойынша эндемиялы өңірлер болып Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы қаласы және оның айналасы саналады. Ауру күзгі-жазғы-көктемгі маусымдық  деп сипатталады. Кене энцефалиті инфекцияларының жұғуы сәуір, мамыр, маусым айларында көп болады, бұл кенелердің белсенділігімен байланысты.

Бұл аурудың тасымалдаушысы - адам ағзасын шаққан кезде кене энцефалиті вирусын тарататын иксод кенелері. Кенелердің адамды шағуы табиғатта демалу, мал жаю кезінде, саяжайларда, омарталарда және т.б. жерлерде орын алады, алайда, орманға бармай-ақ кене энцефалитін жұқтыруға болады, бұл кенелерді үй жануарлары, гүл шоқтарын және т. б. арқылы әкелу кезінде орын алуы мүмкін. Кене энцефалитімен барлық жастағы адамдар ауырады.

Жылы маусымның басынан бастап облыстың медициналық ұйымдарына кенелердің шағуына байланысты 64 адам (2023 жылы - 199) жүгінді, олар саяжай учаскелерінің аумақтарында, табиғатқа шығу кезінде, елді мекен аумағында – аулада, бақта кене шағуына ұшыраған.

Қарағанды облысында кене энцефалитімен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ, бірақ Алматы қаласынан келген бір адамда кене энцефалитіне күдікпен жағдай орын алды, қазір осы адамның биоматериалдары жұмыста. Облыста кене энцефалитіне қарсы жоспарлы иммундау жүргізілмейді. Сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерге баратын адамдарды вакцинациялау ақылы түрде жүргізіледі.

Жыл сайын кене энцефалитін тасымалдаушыларына мониторинг жасалып, олардың саны, түрлік құрамы және фенологиясына зерделеу жүргізіледі, 2024 жылы 6484 кене серологиялық әдіспен кене энцефалиті вирусын анықтау үшін зерттелді, нәтижелері - теріс. 

Аурудың инкубациялық кезеңі немесе жасырын кезеңі бір күннен 30 күнге дейін, орта есеппен 7-14 күнге созылады. Кене энцефалитінің ағымы жұқпалы-уытты болып табылады. Науқаста ең алдымен әлсіздік пайда болады.

Әдетте, ауру жіті басталады және қалтырау, бастың қатты ауруы, дене температурасының 38-39° дейін күрт көтерілуі, жүрек айнуы, құсумен сипатталады. Бұлшықет ауырып, олар көбінесе мойын аяқ-қолдың ауырсынуымен мазалайды. Медициналық көмекке кеш жүгінген кезде аяқ-қолдың жартылай және толық параличі дамуы мүмкін.

Кене энцефалитінің алдын-алудың негізгі жалпы шараларының бірі - кенелерден қорғаудың жеке ережелерін сақтау, кенелердің адам денесін шағуына жол бермеу.

Жеке қорғаныс шараларына кенелердің адамды шағуын қиындататын қарапайым киімді қорғаныс киіміне бейімдеу жатады. Ол үшін киімнің жеңі, мойын тұсы түймелерін салып, көйлекті шалбарға, ал шалбардың балағын аяқ киімге немесе шұлыққа салу керек. Іш киім денеге жақын, тығыз орналасуы керек, осылайша кенелердің денеге енуі қиындайды. Құлақ пен бас терісін қорғау үшін басты орамалмен байлаған дұрыс. Киімнің түсі ашық және біркелкі болуы керек, себебі ондай матада кене жақсы көрінеді. 

Дененің ашық бөліктерінде, сондай-ақ киімнің үстінде сатылымда бар репелленттерді қолдануды ұсынамыз, оларды өндірушінің нұсқаулығына сәйкес қолдану қажет. Кененің шағуының алдын алудың бұл әдісі тиімдірек және тұрғындар арасында кең қолданылады.

Сондай-ақ, демалыс кезінде кенелердің шағуын есте ұстаған жөн, сондықтан демалу орнын негізінен күндізгі уақытта, кенелердің белсенділігі 11-ден 17 сағатқа дейін төмендеген кезде ұйымдастырған дұрыс. Демалу орнын анықтағанда және шатырға арналған орынды шөптерден, жапырақтардан мұқият тазарту керек, өйткені оларда кенелер жиі кездеседі.Демалу кезінде  әр 2-3 сағат сайын немесе одан да жиі өзін-өзі және отбасы мүшелерін өзара тексерулер жүргізу қажет. Тексеру кезінде бас терісіне, тері қатпарларына және дененің басқа бөліктеріне баса назар аудару керек. Кене денеге мықтап орналасқаннан кейін қан сорады, бұл әдетте 1 жарым 2 сағатқа дейін созылады, сондықтан өзара тексеру үлкен маңызға ие және кенені уақтылы анықтап, алып тастауға мүмкіндік береді. Демалыстан келген соң барлық заттарды, шөптерді, гүлдерді, сондай-ақ үй жануарларын мұқият тексеру қажет.

Егер кене адамның терісіне жабысып қалса, онда тұмсығын үзбей, мұқият алып тастау керек. Денеге енген кенені алып тастау үшін оны күнбағыс майымен майлау керек, ол кененің тыныс алу тесіктерін бітеп, кененің айналасына жіп ілмегін байлап, 15-20 минуттан кейін кенені тұмсығымен бірге ақырын тартып, бүйірден екі жаққа шайқап отырып алады. Кенені алып тастағаннан кейін оны зертханаға тапсыру керек. Тістеген жерді йодпен немесе құрамында алкоголь бар кез-келген препаратпен өңдеу керек, ал қолды сабынмен жуу керек. Кене шағып алған барлық адамдар 3 күннен кешіктірмей мүмкіндігінше ертерек медициналық көмекке жүгінуі қажет.