Қызылша - ауа тамшылары арқылы берілетін жедел инфекциялық ауру.
Аурудың алғашқы белгілері инфекциядан кейін 9-11 күнде пайда болады және дене температурасының 38℃-тан 41℃-қа дейін жоғарылауымен, әлсіздік, жөтел, тыныс алу жолдары, шырышты қабаттардың, ауыз қуысы мен көздің қабынуымен сипатталады. Содан кейін 13-14-ші күні ұрт пен құлақ артында бөртпе пайда болып, ол кезең-кезеңімен таралуымен сипатталады: бір күн ішінде бөртпе бет пен мойынға, екінші күні – кеудеге және қолға, үшінші күні - дененің және аяқтың бүкіл бетіне таралады.
Инфекция көзі - науқас адам. Вирустың бөлшектері жөтелу, түшкіру кезінде шырышпен сыртқы ортаға көп мөлшерде шығарылады, ал адамдар жұқтырған заттарды қолдарымен ұстап, содан кейін сол қолдарымен шырышты қабықтарға тигізіп немесе ластанған ауаны жұту арқылы жұқтыруы мүмкін.
Қызылшамен, әдетте екі жастан бес жасқа дейінгі вакцинацияланбаған балалар ауырады, ауру бала кезінде ауырмаған және екпе алмаған ересектер арасында сирек кездеседі.
Олар науқаспен байланыста болған кезде жасына қарамастан ауруды 100% дерлік жұқтырады.
Қызылша соқырлық, энцефалит (ми қабығының қабынуы), пневмония, бронхит сияқты асқынулармен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінген және ауыр ілеспелі аурулар болған жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, қызылшаны емдеудің тиімді және нақты әдісі жоқ.
Аурудан жалғыз сенімді қорғану жолы - вакцинация. Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация екі рет тегін жүргізіледі: біріншісі 12-15 ай, екіншісі 6 жаста. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен бірге қолданылады.
Коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде бүкіл әлемде қызылшаға қарсы профилактикалық вакцинация екінші орынға қойылды. Сонымен қатар, оның "оралуының" басты себебі - біздің елімізде және бүкіл әлемде вакцинацияның идеологиялық қарсыластарының белсенділігінің бұрын-соңды болмаған деңгейде өсуі. Нәтижесінде, ДДҰ мәліметтері бойынша 2021 жылы 40 млн. бала қызылшаға қарсы вакцинацияны өткізіп алды және жақын арада бүкіл әлемде қызылшаның жаңа эпидемиялары болжануда.
Құрметті ата-аналар, вакцинацияны кейінге қалдыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдағанда, Сіз үлкен жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз, өйткені мұндай шешім Сіздің балаңыздың денсаулығына және тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Есіңізде болсын, вакцинацияланбаған бала ауруды симптомы жоқ адамдардан жұқтыруы мүмкін. Сіз инфекцияның көзі кім екенін біле алмайсыз. Вакцинациядан бас тартпас бұрын, медицина қызметкерлерінен екпе арқылы, қызылшаны қоса алғанда қандай инфекциялардан қорғануға болады, олардың белгілері және асқынулары туралы ақпаратты көбірек алыңыз.