Қарағанды облысындағы «Салауатты университеттер» бағдарламасы

Қарағанды облысындағы «Салауатты университеттер» бағдарламасы

Жұқпалы емес аурулардың, атап айтқанда семіздік, қант диабеті, артериялық гипертензия, эндокриндік және онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үлгісі негізінде бірқатар профилактикалық бағдарламаларды іске асыруда. Солардың бірі – «Салауатты университеттер» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттерінің денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған. 

Қарағанды облысында аталған бағдарлама 2025 жылғы желтоқсанда бастау алып, өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерде білім беру үдерісінің барлық кезеңдерінде денсаулықты сақтайтын орта қалыптастыруға бағытталған. «Салауатты университеттер» бағдарламасына облыстағы барлық 6 жоғары оқу орны қатысуға өтінім беріп, әрқайсысы студенттердің денсаулығын нығайтуға арналған жоспарларын әзірлеп, оларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.

Бұл – ұзақ мерзімді профилактикалық бағдарлама. Оның мақсаты – 2030 жылға дейін студенттердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға ықпал ететін тұрақты білім, дағдылар мен өмір салтын қалыптастыру. Бұл үшін жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар әзірленіп, енгізілуде. Бағдарлама аясында: салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру (дұрыс тамақтану, жеткілікті дене белсенділігі, күн тәртібін сақтау, демалыс пен ұйқыға жеткілікті уақыт бөлу, зиянды әдеттерді азайту), оқу жүктемесін ескере отырып білім беру үдерісін оңтайландыру, санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау (жарықтандыру, желдету, жабық үй-жайлардағы ауа сапасына қойылатын талаптар және т.б.) қарастырылған.

Бағдарлама аясында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының және жоғары оқу орындары басшылығының қолдауымен ағымдағы жылдың қаңтар айында Департамент тарапынан бастапқы сауалнама жүргізілді. Оның мақсаты – салауатты өмір салтын ұстанудағы «проблемалық» бағыттарды анықтап, қолданыстағы жұмыс жоспарларын түзету және нақты мәселелерге бағытталған шараларды күшейту.

Сауалнамаға өңірдегі 6 жоғары оқу орнынан шамамен 8 500 студент қатысты.
Сауалнама нәтижелері студенттер арасында жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларының сақталып қана қоймай, күшейіп отырғанын көрсетті. 

Атап айтқанда, студенттердің денсаулығына кері әсер ететін негізгі факторлар өмір салтына байланысты: дене белсенділігінің төмендігі, ұйқы режимінің бұзылуы, теңгерімсіз тамақтану, экран алдында ұзақ уақыт өткізу және созылмалы стресс. Бұл қауіп факторларына ұшыраған студенттердің үлесі көптеген көрсеткіштер бойынша 50%-дан асады, бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, студенттер арасында зиянды әдеттер де қосымша қауіп факторы ретінде байқалады. Шамамен 20%-ы анда-санда темекі шегеді, ал 9%-ы тұрақты түрде шегеді, бұл шамамен 1000 адамды құрайды. Ал алкоголь тұтыну деңгейі жалпы алғанда 34%-ға дейін жетеді.

Осылайша, егер жүйелі профилактикалық шаралар қабылданбаса, оқу кезеңінде әрбір екінші студенттің кемінде бір жұқпалы емес бұзылысқа шалдығу ықтималдығы жоғары, ал әрбір бесінші студентте созылмалы ауру қалыптасуы мүмкін.

Жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде барлық жоғары оқу орындарының басшылығына жұмыс жоспарларын түзету бойынша ұсынымдар жолданды.

Ұйымдастырылған жастар ортасын толық қамту мақсатында қазіргі уақытта облыстағы орта арнаулы оқу орындарын, яғни колледждерді, бағдарламаға тарту жұмыстары жүргізілуде.