«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» бағдарламасы туралы

«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер»  бағдарламасы туралы

Біз көбіне ауыр аурулар тек ересектерге тән деп ойлаймыз. Алайда шындық басқаша: көптеген денсаулық проблемалары мектеп жасында-ақ қалыптаса бастайды.

Қазіргі таңда семіздік, қант диабеті, эндокриндік аурулар, тіпті артериялық гипертензия сияқты сырқаттар балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездесуде.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үлгісі негізінде бірқатар профилактикалық бағдарламаларды іске асыруда. Солардың бірі – «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» бағдарламасы. Бұл жоба Қарағанды облысында 2025 жылдың екінші жартысында басталып, бүгінде өңірдегі қала мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептердің 88%-дан астамын қамтып отыр.

Бағдарлама 5 жылға жоспарланған және білім беру процесіне қатысушылар үшін денсаулықты сақтайтын ортаны қалыптастыруға бағытталған. Ол үшін жұқпалы емес аурулардың алдын алуға арналған түрлі шаралар әзірленіп, енгізілуде. Атап айтқанда, салауатты өмір салтын қалыптастыру (дұрыс тамақтану, жеткілікті қимыл-қозғалыс, күн тәртібін сақтау, жеткілікті ұйқы, зиянды әдеттерді азайту), оқу процесін оңтайландыру (оқу жүктемесін ескере отырып дұрыс жоспарланған сабақ кестесі), санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау (жарықтандыру, желдету, үй-жай ауасының сапасы, тамақтануды ұйымдастыру және т.б.), оқушыларды жыл сайын медициналық бақылаудан өткізу сияқты бағыттарды қамтиды.

Аталған бағдарлама аясында биылғы жылдың ақпан айында мектеп оқушылары арасында (шамамен 60 000 бала) ауқымды зерттеу жүргізілді, оның нәтижелері ойландырмай қоймайды.

Зерттеу көрсеткендей, балалар есейген сайын таңғы асты жиі өткізіп жібереді, ретсіз тамақтанып, аз қозғалады және уақыттарының көп бөлігін телефонмен өткізеді. Көпшілігінің күнделікті рационында көкөністер мен жемістер жеткіліксіз, ал фастфуд пен тәтті сусындар қалыпты әдетке айналған.

Бұл жағдай балалардың денсаулығына әсер ете бастады. Әрбір оныншы баланың артық салмағы бар. Көпшілігінде қант диабетіне бейімділік анықталған. Ал кейбір балаларда бұл аурулар қазірдің өзінде тіркелген.

Ең маңыздысы – әрбір екінші балада кем дегенде бір қауіп факторы бар, ал бұл уақыт өте келе ауыр ауруларға әкелуі мүмкін.

Мәселе тек тамақтануда ғана емес. Көптеген балалар аз қимылдайды, таза ауада сирек болады және жеткілікті ұйықтамайды. Үнемі шаршау, гаджеттердің әсері, күйзеліс – мұның бәрі баланың тек физикалық емес, сонымен қатар психоэмоционалдық жағдайына да әсер етеді.

Жақсы жаңалық – бұл жағдайды өзгертуге болады.

Ол үшін күрделі бағдарламалар немесе қатаң шектеулер қажет емес. Бастысы – қарапайым қадамдардан бастау:

- таңғы асты өткізбеу

- көбірек қозғалып, серуендеу

- фастфуд пен тәтті сусындарды азайту

- ұйқы тәртібін реттеу

- ұйықтар алдында телефонды аз қолдану

- баламен жиі сөйлесіп, қолдау көрсету.

Бастысы – балалар әрдайым бізге қарап өседі. Отбасында дұрыс әдеттер қалыптасса, бала оны табиғи түрде қабылдайды.