
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген "Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес маникюр және педикюр қызметтерін жүргізуге қойылатын талаптар регламенттелген.
Маникюр, педикюр жеке жиынтықтар болған кезде жүзеге асырылады.
Терінің, шырышты қабаттардың зақымдануы мүмкін манипуляцияның барлық кезеңдері клиенттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Маникюрге, педикюрге дейін және одан кейін терінің және жара каналының беті дезинфекцияланады.
Маникюрге, педикюрге арналған құралдар, сондай-ақ шығын материалдары бумен, ауамен немесе зарарсыздандырудың химиялық әдісімен зарарсыздандырылады, кейіннен микроорганизмдермен қайталама ластануды болдырмайтын жағдайларда сақталады.
Дезинфекциялау үшін технологиялық нұсқаулыққа, дайындаушының қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдары қолданылады.
Маникюр және педикюр кабинеттерінің жұмыс орындары жалпы және жергілікті жарықтандыруды ұйымдастыру арқылы жарықтандырылады.
Педикюр кезінде аяқтың астына қойылған жастық әр қолданғаннан кейін дезинфекциялық ерітіндіге малынған шүберекпен сүртіледі.
Аяқ ванналары мен қол ванналары әр клиенттен кейін жуғыш заттармен өңделеді.
ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес тері жамылғысының тұтастығын бұза отырып жұмыс жасайтын объектілердің қызметкерлері жұмысқа түскен кезде және жыл сайын В және С вирустық гепатиттерінің маркерлеріне тексеріледі.
Парентеральды гепатиттермен және адамның иммунтапшылығы вирусымен инфекцияның алдын алу үшін қолдың қанмен ластануы орын алатын барлық манипуляциялар резеңке қолғаппен жүзеге асырылады. Ашық шағын жарақаттар, сызаттар, жарықтар, іріңді аурулар болған кезде персоналдың клиенттермен жұмысы қорғаныш оқшауламалармен (саусақ ұштары, жабысқақ пластырмен) жүзеге асырылады.
Қызметкерлер жеке гигиена ережелерін сақтайды.
Объектінің әкімшілігі нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлейді, бекітеді және орындайды.
Объектілерде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, инфекциялық, вирустық және паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында барлық алдын алу шараларын сақтау қажет.