
БҮГІН Қарағанды облысының бірыңғай үйлестіру орталығы “Senim109” қызметі алаңында Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және Қарағанды облысы бойынша “Ұлттық сараптама орталығы” филиалының мамандарымен “Абайлаңыз кенелер!” тақырыбында тікелей эфир ұйымдастырылды.
Эфир барысында көктем-жаз мезгілінде кенелердің белсенділігі артатыны, олардың адам денсаулығына төндіретін қауіптері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар кене шағуы арқылы таралатын жұқпалы аурулар, соның ішінде кене энцефалиті, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және туляремия жайында түсіндірді.
Сондай-ақ, тұрғындарға табиғатқа шыққанда сақтық шараларын сақтау, жабық киім кию, репелленттер қолдану, серуеннен кейін денені мұқият тексеру қажеттігі айтылды. Кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керектігі ескертілді.