Эхинококкоздың алдын алу

Эхинококкоздың алдын алу

Эхинококк – адам ағзасы үшін өте қауіпті гельминт. Эхинококк адамда эхинококкоз деп аталатын ауруды тудырады.
Эхинококкоз – ауыр өтетін паразиттік ауру. Бұл аурудың қоздырғышы – ауыз арқылы жұғатын зоонозды биогельминт, ол адамның ағзасында аллергиялық реакциялар тудырып, көбіне бауырды, өкпені және түтікті сүйектерді зақымдайды. Осы мүшелерде паразиттің дернәсілдерін қамтитын көпшілік кистозды түзілістер пайда болады. Эхинококкоз жиі мүгедектікке әкеледі, ал асқынған жағдайда өліммен аяқталуы мүмкін.

Адам эхинококкозды келесі жағдайларда жұқтырады, инвазияланған жануарлармен (иттер, ірі және ұсақ мал, жабайы жыртқыштар) байланыста болғанда, жабайы өсетін жидектер мен шөптерді жинау және жеу кезінде, жабайы аңдардың терілерін өңдеу барысында, тоғандар мен ашық су көздерінен су ішу кезінде жұқтырады. Иттер эхинококкоз паразитімен зақымданған үй жануарларының ішкі мүшелерін жегенде жұқтырады.

Эхинококкоздың алдын алу тек медициналық мекемелердің ғана емес, ең алдымен ветеринарлық қызметтің маңызды міндеті болып табылады. Иесі жоқ иттермен күресті күшейту, иттерге жылына 4 рет дегельминтизация жасау – міндетті! Бұл дертпен халықтың белсенді қатысуымен ғана күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады
.
Аурудың алдын алу бойынша ұсыныстар:
- үй жануарларымен, әсіресе итпен байланыста болғаннан кейін қолды міндетті түрде сабындап жуу;
- аула мен ит тұратын орынды таза ұстау;
- эхинококкозбен зақымданған малдың етін (ішкі ағзаларын) иттерге беруге қатаң тыйым салынады – себебі бұл инфекцияның таралу жолы;
- жаңа піскен көкөніс пен жемісті мұқият жуу;
- ас дайындайтын ыдыстарды мұқият тазалау және өңдеу.
Осы алдын алу шараларын сақтай отырып өзіңізді және жақындарыңызды аурудан қорғаңыз!