⚜️Сібір жарасының алдын алу туралы

⚜️Сібір жарасының алдын алу туралы

Сібір жарасы – адамдар менн жануарларға ортақ, жіті, жұқпалы, аса қауіпті, зооноздық ауру.

Сібір жарасының қоздырғышы -  Bacillus anthracis бацилла белгілі бір жағдайларда спора түзуге қабілетті.

Адамдар үшін жұқпа көзі ауру немесе осы аурудан өлген жануарлар болып табылады.  Жануарлар жайылымдарда сібір жарасы спораларымен зақымдалған шөпті жегенде немесе спорасы бар топырақ бөлшектерін жұту арқылы жұқтырады.

     Жұқпаның таралу жолдары:  тікелей немесе жанама байланыс (ауру жануарларды сою және етін бөлшектеу, жануарларды күту, мал өнімдерімен, топырақпен байланыс), алиментарлы (жеткіліксіз термиялық өңдеуден өткен етті тағамға пайдалану), аэрогенді (спорасы бар топырақ бөлшектерін жұту).

 Көптеген жағдайларда адамдарда сібір жарасы ауруы малды сою және етін жіліктеу кезінде зақымдалған тері арқылы қоздырғыштың енуі нәтижесінде, сондай-ақ ауру малдардан алынған еттері мен  шикізаттары арқылы жұғады.

Сібір жарасының клиникалық формасы жұқтыру түріне байланысты. Ауру әртүрлі клиникалық формаларда – терілік, асқазан-ішек, өкпелік түрде өтеді.  

 Тері формасының жасырын кезеңі 5-тен 7 күнге  дейін, диапозонмен 1- 14 күн аралығында болады. Адамдарда сібір жарасының тері түрі ең жиі  және карбункул  түрінде кездеседі. Көбінесе карбункулдар бетке, мойынға және қолдарға шығады. Аурудың қалыпты ағымында науқастар бас ауруына, енжарлыққа, әлсіздікке,  дене қызуының көтерілуіне шағымданады.

Сібір жарасының өкпелік түрі ауыр өтеді. Ауру жұқтырғаннан кейін бір апта ішінде пайда болады, бірақ жасырын кезең екі айға дейін созылуы да мүмкін. Өкпе формасы қатты қалтыраумен, ентігумен, терінің көгеруімен,  қанды қақырықты жөтелмен көрінеді.

      Сібір жарасының асқазан-ішек формасы жұқтырғаннан кейін 1-7 күн аралығында білдіртпей байқалады және  құсу,  қан аралас іш өтуі аурудың кеш белгілері болып табылады. 

Әрбір жануарлардың иелері сібір жарасын жұқтыруы қауіптілігін ескеріп, жеке бастың алдын алу шараларын сақтай отырып,  ауылшаруашылық малдарын сібір жарасына қарсы ектіру, сатып алынған жануарлар туралы ветеринария маманын хабардар ету қажет. Малдәрігерінің бақылауынсыз малды союға, етін жіліктеуге, ауру жануарлардың терісін, жүнін өңдеуге болмайды.

Сібір жарасын жұқтырудан Сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін  жануарлардың ауруы, еріксіз сою немесе өлген жағдайлары туралы дереу ветеринария маманына хабарлау керек.

      Сібір жарасы – жануарлар ғана емес, сондай-ақ адамдар өмірі үшін қауіпті ауру екенін есіңізден  шығармаңыз.